Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты. Отандасымыз өзінен 66 саты төмен тұрған, грекиялық Мария Саккариді жеңді. Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакинаның мерейі үстем болған.
Айта кету керек, бұл матчтың барлығы қатты жабындыда, яғни харда өткен. Ал Үлкен Дуылға жарысында бірінші рет шөп жабындысында шеберлік байқасты. Бұл жолы отандасымыз ойынды сәтті бастады. Бірінші сетты 6:3 етіп түйіндеді. Екінші партия Елена үшін тіпті жеңіл болды. Жерлесіміз қатарынан 6 геймді өз еншісіне жазды, ал грек қызы тек 1 гейммен шектелді. Бір сағатқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Енді Лена 1/8 финалдың жолдамасын әлемнің 22-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен сарапқа салады.
Ерлерден жекелей сынның бірінші айналымынан әрі аса алмаған Александр Бублик жұптық сайысты да қатырмады. Италиялық теннисшімен жұптасып Ұлыбритания спортшыларынан жеңілді. Екі сетте де тай-брейкте есе жіберді. Ал Анна Данилина мен чехиялық Мария Боузкова дуэті мысыр-поляк жұбын айқын басымдықпен жеңді. Олар үшінші айналымға шығу үшін ресейлік Вероника Кудерметова мен бельгиялық Элизи Мертинсті жеңуі керек.
Асылбек Данияр
