Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының экономикасы қарқынды дамуда. Тіпті аздаған уақыт ішінде моноқалалар тізімінен шығарылып, өз алдына дербес шаһар атанды. Оған басты себеп – қалада автокөлік дөңгелегі мен тұрмыстық техника шығарып, автобус құрастыратын зауыттардың ашылуы.
Елді мекен өміріне оң серпін берген кәсіпорынның бірі еліміздегі алғашқы көлік дөңгелектерін шығаратын зауыт. Мұнда 1 жылдың ішінде 500 мыңға жуық шина өндірілген. Ал қуаттық мөлшері жылына 3,5 миллион шина шығаруға жетеді. Қазір мұнда 800 адам еңбек етеді. Ал тұрмыстық техника шығаратын зауытта 200 адам жұмыс істейді. Дені жергілікті тұрғындар. Зауыт 2 жылдың ішінде 280 мың техника жасап шығарған.
Аниса Николаева, жұмысшы:
3 ай оқытады. Сосын кезекке тұрасың. 6 бөлігі бар. Шаңсорғыш, теледидар, кір машина, плита - соның бәрін шығарамыз. Комплектте алып келеді, біз жинақтап шығамыз.
Саран қаласының индустриалды аймағындағы тағы бір ірі кәсіпорын - автобус және өзге де техникаларды шығаратын зауыт. Мұнда осы күнге дейін 6 мыңға жуық автобус, 3500-ге тарта жүк техникалары құрастырылған. 2024 жылы зауыт мемлекеттік бюджетке 6 миллиардтан астам салық төлеген. Мемлекет тарапынан да біршама жеңілдіктер қарастырылған.
Азамат Панбаев, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитетінің төрағасы:
Одан кейін тауарды сату мәселесі бар. Ол жерде үлкен жер қойнауын пайдаланушы компания бар. Олардың сатып алуын реттеу арқылы отандық өнімді сатып алуға атсалысамыз. Бұл да мемлекеттік қолдау.
Жандос Бақытұлы
