Қызылорда облысында кешелі бері аптап ыстық тұр. Өңірде ауа температурасы 46 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындар біршама әбігерге түсуде.
Ми қайнатар ыстық қашан басылады, мамандар болжамы қандай?
Әділбек Серікұлы, тілші:
Сыр өңірінде шіліңгір шілдеде күн шыжып, аспаннан от шашқандай әсер қалдырады. Синоптиктер соңғы екі күнде Ираннан келген антициклонның әсерінен сынап бағанасы 46 градусқа дейін көтерілгенін айтып отыр. Бүгін түс ауа аздаған жел соғып, қапырық сәл де болса басылғандай. Дегенмен дәрігерлер қан қысымы жоғары, жүрек аурулары бар адамдарға күндізгі уақытта далаға шықпауға кеңес беруде. Жедел жәрдем шақыртулары да әдеттегіден көбейіп отыр. Аптап ыстық қарапайым тұрғындарға қолайсыздық туғызғанымен, егін шаруашылығына оң септігін тигізетіні анық. Күріштіктер бой көтеріп, бау-бақша дақылдары күннің қызуымен пісіп-жетіледі дейді диқандар. Ал Қазгидромет мамандары ертең ауа температурасы 35 градусқа дейін төмендейді деген болжам айтуда.
