Президенттің тапсырмасы бойынша Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы жылу желілерін жаңартуға Үкімет резервінен 3,8млрд теңге бөлінді. Себебі ел аумағында дәл осы екі қалада инженерлік желілер мен жылу көздерін жаңғырту бойынша жұмыстар іркіліссіз жүріп жатыр. Мәселен, Павлодарда қазір ішкі жылу желілерінің 8 шақырымы ауыстырылды. Қамзин көшесіндегі жылу магистралін аяқтауға бөлінген 802 млн теңге тиімді игерілді.
Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:
Біз қазір 20-жылу магистралі аумағындамыз. Бұл жерде желіні жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Мұның арғы жағында ЖМ-20А нысаны салынып жатыр. Ол бізге қаланың оңтүстік бөлігінде гидравликалық температураны жақсартуға мүмкіндік береді. Осы жұмыстардың нәтижесін тұрғындар алдағы жылу маусымында нақты сезінеді
Үкімет резервінен бөлінген қаржы негізінен Екібастұз қаласында игеріледі. Қазір жылу тарататын орталық станциядан тұрғын үйлерге дейінгі 1,5 шақырымдық жылу құбырлары жөнделіп жатыр. Сондай-ақ Екібастұз Жылу электр орталығында қазандық агрегаттары жөнделіп, су құбыры салынады.
Болат Аманбаев
