БҰҰ жаһан жұртын суды үнемдеуге үндейді. Ұйымның мәліметінше, су тапшылығы энергетикалық, азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Сол үшін Еуропа елдері жануарларды, егістік суаруды қысқартып, тіршілік көзін үнемдемейтіндерге қомақты айыппұл салуда. Қарт құрлық елдері Орталық Азия елдерімен, Қазақстанмен су дағдарысын шешу, су ресурстарын басқару бойынша ынтымақты арттыруға ниетті.
БҰҰ мәліметінше, бүгінде жаһан жұртының 70 пайызы суға зәру. 2,5 млрд адам таза ауыз суға жарымай отыр. Салдарынан диарея, басқа да ішек ауруларынан жылда 900 мың адам көз жұмады. Оның 300 мыңы бес жасқа толмаған балалар.
Вероника Сафранкова, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Брюссельдегі кеңсесінің басшысы:
Суды үнемдеп, бей берекет ағызуды тоқтатуымыз керек. Ауыл шаруашылығында егін өсіруге тиімді пайдаланбасақ, ашаршылық, су үшін әскери қақтығыстар өршиді. Су инфрақұрылымына мемлекет, жеке сектор тарапынан инвестицияны күшейтуіміз қажет.
Су дағдарысын шешу үшін әсіресе Орталық Азия елдеріне трансшекаралық ынтымақты күшейту керек. Себебі алдағы бес жылда аймақтағы бес ел су тапшылығының зардабын тартады дейді сарапшылар. Бұл өндірістің өсуін тежеп, энергетикалық, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. ЕуроОдақ елдері түйткілді мәселеге байланысты тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Ютта Паулус, еуропалық парламент депутаты:
Еуропада біз бұл мәселені бірнеше заңнамалық актілер арқылы шешуге тырысып жатырмыз. Су ресурстары, өндірістік шығындар туралы директивалар бар. Дегенмен климаттың өзгеруі бұл дағдарысты онан сайын өршітті. Еуропаны қуаңшылық жайлады. Топырақтың кеуіп қалғаны сонша, жаңбырды сіңіре алмай, су тасқыны күшейді қазір.
Депутаттар суды үнемдемесе, экономикалық, экологиялық дағдарыс мұнан сайын өршитінін айтуда.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Сол үшін ЕуроОдақ елдерінде ауыз суды көлік жууға, бассейндерді толтыруға пайдалануға тиым салынды. Саябақтарды да енді тек жерасты суымен суару міндеттелді. Ал тұрғындар адам басына күніне 200 литр судан артық тұтынбауы тиіс. Ережеге бағынбағандар 3 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Биліктегілер осындай шектеу енгізу арқылы «судың да сұрауы бар» екенін адамзатқа ұғындырмақ.
Нұрсұлу Қасым
