Президент Еуразиялық экономикалық форумға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Еуразиялық экономикалық форумға қатысты

27.06.2025

Мемлекет басшысы Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумына қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев форум мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаңға айналғанын айтты. Ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. Өткен жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетті. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Сонымен қатар Президент өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифрлық технологиялардың перспективасы туралы айтты. Ең ерекше назар аударатыны – жасанды интеллект. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді. Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек деген Мемлекет басшысы, Қазақстанның Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске келесі жылы қабылдап алатын төрағалық аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни, дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек.

Армангүл Тоқтамұрат


Хабарламаларға жазылу