Еуропада ескі-құсқы сататын жәрмеңкелерде сұраныс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада ескі-құсқы сататын жәрмеңкелерде сұраныс көп

27.06.2025

Еуропа елдері тұтынушыларды қоршаған ортаны ластамауға шақыруда. Қарт құрлық елдерінде істен шыққан техника, бұйымдарды тегін жөндейтін «Repair café» концепциясы күннен-күнге қарқын алуда және «Brocante» деп аталатын жәрмеңкелер жоғары сұранысқа ие. Брокантта тұрғындар ескі ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникасы мен киім-кешегін сатуға шығарады. Мақсат – ысырапқа, табиғатты ластауға жол бермеу.

Өзге еуропалықтар сияқты бельгиялықтар да «Brocante» десе, ішкен асын жерге қояды. Әр айдың сенбі-жексенбісінде ұйымдастырылатын жәрмеңкеде өзіңнің ескі киім-кешек, жиһазыңды сатуға, өзгеден керегіңді сатып алуға таптырмас мүмкіндік.

Альберта Принчи, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мұнда тиын-тебенге керемет заттар сатып алуға болады. Мысалы, мынадай шкафты бар-жоғы 10 еуроға алдым. Жаңасы дүкенде 200 еуродай тұрады. Ақшаңды үнемдейсің, киімдерге, бұйымдарға екінші өмір сыйлайсың. Тамаша емес пе?

Брокантта бәсеке қызу. Сатушылар алдын ала тіркеліп, 30 еуро төлемесе, орынсыз қалады.

Дидье Уэст, сатушы:

Экологияны қорғау, ысырапқа жол бермеу - басты мақсатымыз. Ескі заттарды лақтырып тастамай, адамдардың қайта пайдалануына мүмкіндік берсем, табиғатты қорғауға үлесімді қосқандай боламын. Әйтпесе саудадан пайдаға қарық болмайсың. Сатылмаса, тегін таратып беремін.

Бірнеше шақырымға созылған ұзын көшеге жұрт бар «байлығын» шығарған. Әшекей бұйымдар, Моно Лиза картинасының көшірмесі, баспалау машинасы, ескі телефондар, төсбелгінің де түр-түрі тұр. Бір кездері маңдай термен келген медальдар бар жоғы 5-6 еуроға сатылып жатыр.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Жәрмеңкеде XVIII-XIX ғасырда жасалған бұйымдарды да сатып алуға болады. Қазір қарт құрлық елдерінде электроэнергия өте қымбат. Тоқты үнемдеуге дағдыланған еуропалықтар арасында мынадай шоқ үтік пен май шамға сұраныс жоғары.

Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеде ескі киім-кешек, тұрмыстық техника тонналап сатылады, дейді ұйымдастырушылар. Жалпы, Еуропада кимейтін киімдерді дүкендерге өткізу арқылы 10-15 пайыз жеңілдік купонына ие боласың. Аяқ киім жөндеу шеберханалары да ескісін лақтырып тастамай, жөндетуге әкелгендерге қомақты жеңілдік жасайды. Мұндағы мақсат та сол – халықты үнемшілдікке, табиғатты аялауға үндеу.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу