«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті

26.06.2025

 Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті. Шараға 90 кәсіпкер қатысып, өздерінің өнімдерін көпшіліктің назарына ұсынды. Ұйымдастырушылар биыл көрмеге қатысуға ниеттілердің көп болғанын айтады. Сонымен қатар тауарлар да ерекше. Аймақта бұрын-соңды өндірілмеген өнімдер қойылды.

 Ерекше жобалардың бірі – ғимараттарға арналған өрт сөндіру қондырғысы. Оны Ақтаудағы кеме құрастыру зауыты шығарып жатыр. Қондырғы нысан ішінде өрт тұтанған жағдайда автоматты түрде қосылып, ұнтақпен сөндіреді.

 Серікқали Бимырзаев, Кеме құрастыру компаниясының басшысы:

Ғимараттың ішінде өртке қарсы, түтінге, температураға қарсы датчиктар тұрады. Датчиктар арқылы команда алады, өзінің модулі бар. Жабық бөлмелерде, цехтарда, площадкаларда, кемелерде қолдануға болады.

Ал Мұнайлы ауданының тұрғыны Әлия Өтемалиева түрлі қоспа қосылмаған шұжықтар өндіреді. Табиғи таза өнімге сұраныс та жоғары. Айына 1 тоннадай шұжық дайындайды. Кәсіпкер көрмеге қатысып, грант ұтуды көздейді.

 Әлия Өтемалиева, кәсіпкер:

Аутизм, ДЦП балаларға арналған құрамында ГМО, красителі жоқ шұжықтан бастадық. Қазіргі таңда 40 тауарға өсті. Осы «Бір ауыл - бір өніміне» ұсынып отырмыз. 5 млн грантты ұтып алсақ, құба-құп болар еді. Оған техника аламын, өндірісті үлкейтемін. Жұмысшыларды арттырамын.

 Көрме-байқауға «Ханбалық өсіру», түйенің жүнінен жамылғы жасау, қант шәрбәті сияқты облыс аумағында бұрын болмаған жобалар қойылды. Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алады. Ал жергілікті шикізаттан тауар өндіретін «Бір ауыл-бір өнім» жобасының финалистеріне 5 млн теңге грант берілмек.

 Аққу Айтжанова, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

 «Бір ауыл - бір өнімін» жобасының қатысушыларының көбі мемлекет тарапынан 400 айлық есептік көрсеткіш грант алғандар. 5 млн теңгелік грант алғандар бар. Сонымен қатар «Даму» акционерлік қорының төмен пайызбен берілетін несиесін алғандар бар. Бизнес бастаймын деген кәсіпкерлерге біз сүйемелдеу жүргіземіз, жерін алып беруге көмектесеміз.

Айта кетейік, биыл өңірде 80 мыңға жуық кәсіпкер тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30 пайыз көп.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу