Қарағанды облысы Балқаш қаласында жаңа қоқыс полигоны салынуда. Ескісі әбден толған, әрі әуежайға тым жақын орналасқан. Бұл ұшу қауіпсіздігінің талаптарына қайшы.
Балқаш қаласының тұрғындары 70 жыл бойы қоқысты қала іргесіндегі арнайы орынға төгіп келеді. Бірақ ол жер қоқыс полигоны болып, тек 2007 жылы ғана тіркелген. Онда қоқыс не өңделмейді, не сұрыпталмайды. Сондықтан қала әкімдігі жаңа қоқыс орынын белгілеп, жер бөлген.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
Экологиядан, басқа жерлерден рұқсат қағазы алынды. Қазір құрылыс басталды. Тамыз айының 10 күндігінде іске қосуға дайындап жатыр. Ол ашылғаннан кейін ескі полигон мердігерлерімен ақылдасып, рекультивация бойынша жұмыс жүргіземіз.
Жаңа қоқыс полигоны жергілікті инвестор қаражатына салынуда. Әуе айлағынан 15 шақырым жерде орналасқан. Қоқыс төгілетін жерге 3 қабатты гидроизоляция төселген, ал тереңдігі 4 метр. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталды. Қазір алғашқы кезеңі аяқталуға жақын.
Бахтияр Айнабеков, жоба жетекшісі:
Бұл полигонның ерекшелігі – жылына 13 мың тонна қоқыс қабылдай аламыз. Қоқыс алып келген кезде оны сұрыптайтын құрылғы, дробилка және пеш болады. Бүгінде «Жасыл даму» бағдарламасымен тоқ алуды ойластырып жатырмыз.
Балқаш қаласында ірі кәсіпорындар көп. Сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта қауіпті қалдықтар полигонын ашуға ниетті. Тіпті оны кәдеге жаратып көрмек. Ол үшін жеңілдетілген несие алуға өтініш берген. Ал жалпы өңірде биыл 6 қоқыс полигонын салу жоспарлануда.
Бахтияр Санбаев, Табиғи ресурстар эәне табикат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Алдыңғы жылдан бастап Абай қаласында, ауданында полигон салу жоспарланған. Оған облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Осы полигондарды салсақ, Қарқаралы, Шет, Нұра ауданында қоқыстар қалпына келеді деп сенемін.
Бүгінде облыс аумағында 168 қоқыс полигоны бар. Олардың тек елуі ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Ал рұқсат етілмеген қоқыс орындарымен күрес әлі де жалғаспақ. Оның жалғыз шешімі заманауи қоқыс өңдейтін полигондар салу, - дейді жергілікті билік.
Жандос Бақытұлы
