Президент БАҚ өкілдерін марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БАҚ өкілдерін марапаттады

24.06.2025

Сонымен қатар бүгін Мемлекет басшысы журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында бір топ БАҚ өкілін марапаттады. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға тоқталып, отандық журналистикаға артылып отырған міндеттерді атады. Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет. Қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналады деген пікірде. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін.

Жиында Президент отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сауық Жақанова, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сияқты журналистика майталмандарына сый-құрмет көрсетілді. Еңбегі еленгендердің қатарында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкерлері де бар. Әріптесіміз, Ақпарат жүргізушісі Армангүл Тоқтамұрат Президент сыйлығына ие болды. Ал «Balapan» телеарнасының шығармашылық ұжымына Алғыс жарияланды. Сонымен қатар «Qazsport» арнасының директоры Нағи Бақытбековке «Құрмет» ордені табысталды. Ал «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тен алғыс хатпен марапатталды. 

Ирина Тен, «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі:

Журналист – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Осы орайда біздің және әріптесіміздің орындап жатқан миссиясы ерекше жауапкершілікке ие. Біздің мемлекеттік сыйлықтарымыз, әріптестерге, халқымызға арналады. Біз ең бірінші сіздер үшін еңбек етеміз.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу