Полиция қызметкері – халық қорғаны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиция қызметкері – халық қорғаны

23.06.2025

Ақмола облысының Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгері Дастан Қойшыбаев жуырда гір тасын көтеруден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал патрульдік полиция қызметкері Данияр Аманжолов осыдан бірнеше жыл бұрын 4 бала мен оның анасын өрттен аман алып қалды.

Әлем чемпионатының жүлдегері болған Дастан Қойшыбаев – дайындығы мен біліктілігі жоғары жауынгерлердің бірі. Осыдан 10 күн бұрын ол гір тасын көтеруден Азия чемпионы атанды. Шыныққан шымыр азамат әріптестерімен талай топтық төбелесте қайғылы оқиғаның алдын алып, бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр.

Дастан Қойшыбаев, облыстық ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгері:

СОБР таңдаған себебім - ол абыройлы, батылдық пен кәсіби шеберлікті талап ететін жұмыс. Біздің басты мақсатымыз - қылмыстық топтарды залалсыздандыру, террористік қауіптің алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау. Баратын операциялар қауіпті. Бірақ ең бастысы - тәртіп, ұйымшылдық.

Полиция қызметкері – халық қорғаны. Көкшетау қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Данияр Аманжоловтың қызметтік жолы осы сипаттамаға толық келеді. Полиция сапындағы 12 жылдық қызметінде ол талай жол-көлік апатының алдын алды, талай жанның өміріне араша түсті. Мәселен, бес бірдей жанды тілсіз жаудан құтқарып қалған ол бейбіт күннің нағыз қаһарманы атанды.

Данияр Аманжолов, патрульдік полиция батальонының командирі:

Ол оқиға жұмыстан тыс уақытта болды. Анаммен кетіп бара жатқанда үйлерден түтін шыққанын көрдім. Барып, көмектестім. Біз көшедегі барлық қылмысқа жауап береміз. Уақытылы бүкіл оқиғаға шығу, сапалы қызмет көрсету – ең басты мақсатымыз.  Біздің қызметкерлер әрқашан мобильді болуы керек.

Бибінұр Әмірханқызы

Хабарламаларға жазылу