Шымкентте алғаш рет ағаш шеберлерінің фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте алғаш рет ағаш шеберлерінің фестивалі өтті

21.06.2025

Шымкентте алғаш рет ағаш шеберлерінің фестивалі өтті. Шаһар жұртшылығы әлемнің 5 елінен келген 20-ға тарта қолөнер ұсталарының жұмысын бір апта бойына қызықтады. Шеберлердің шығармашылығы туралы Ғани Қалмаханов тарқатады.

Биікті 6 метр болатын мына ағаш мүсінде қазақтың қайдан шыққаны бедерленген. Шебер ең жоғарыдағы тұрған көк бөріден бастап, Қорқыт баба кезеңіне дейінгі аралықтағы аңыз-әпсаналарды, тарихи кезеңдерді бейнелеуге тырысыпты. Мұратәлі Көшкінбаевтың фестивальге қатысып жатқан өзге шеберлерден айырмасы алдын ала берілген дайын эскизге сүйенбей, өз қиялындағы дүниені жасауға тырысқан.

Мұратәлі Көшкінбаев, ағаш шебері:

Түркі тілдес елдер көкбөріден тарады дейді. Екінші сақ пен ғұн. Содан бірден әлем. Адамның төрт құбыласы солтүстік, оңтүстік, шығыс пен батыс болса, бесінші элмент – адам. Сол тарихты ықшамдап, бәріне жүйеге салып жинақтадым.

Арбаттан моторлы араның дыбысы апта бойы үзілген жоқ. Фестивальге Мұратәліден бөлек Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстан елінің де шеберлері қатысты. Мәселен, бауырына тығылып тұрған баласымен домбыра шертіп тұрған ана бейнесін Ресей және Монғолияның ағаш ұсталары бірлесіп жасады.

Денис Оронский, ағаш шебері:

Бізге ұсынылған эскиздер бұған дейін өзіміз жасаған дүниелерге ұқсамайды. Өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, белорустардың ою-өрнегі геометриялық пішіндерге ұқсас болса, қазақтардыкі үзілмеген, тұйықталмаған. Күлімсіреп тұрған әйел мен бала бейнесі адамға жылылық сыйлайды. Соған қарап өзіміз де көңілдене жұмыс істедік.

Демалыс орнына жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлер де мерекенің сәнін аша түсті. Ашық аспан астында жұмыс істеген шеберлер осында бір сәт тынығып, бір-бірімен шығармашылық ойларын бөлісіті.

Ислам Сталинбеков, қала тұрғыны:

Өзіміздің дәстүрімізді дамытатындай, қаламыздың көркін ашатындай мүсіндер болып жатыр. Шымкент қазақылық пен дәстүріміз сақталған қала болғандықтан, осындай ұлттық бояудағы бұйымдар қаламыздың төңірегінде тұрғаны дұрыс деп санаймын.

Шеберлердің қолынан шыққан 10 шақты туынды қала күні мерекесінде шаһар тұрғындарына тарту етілді. Олар енді шаһардың көрікті орындарына қойылып, мегаполстің келбетін айшықтай түседі.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу