Павлодар облысында дауылдың кесірінен 300-ге жуық нысан бүлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында дауылдың кесірінен 300-ге жуық нысан бүлінді

20.06.2025

Павлодар облысының 3 қаласы мен 2 ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Секундына 43 метр жылдамдықпен соққан кешегі дауылдың салдарынан өңірде 18 адам жарақат алды. Бір тұрғын қайтыс болды. 297 нысанға зақым келді. Баянауыл мен Ақсу қаласының кей жерлеріне жарық әлі берілген жоқ. 

Дүлей дауыл шойын темірді сындырып, жоғары кернеулі ток беретін ондаған бағанды жапырып тастаған. Бастапқыда 40-қа жуық елді мекен электр энергиясынан ажырап қалды. Екпінді желдің кесірінен Ақсуда бір адам қайтыс болды, Екібастұзда тағы бір тұрғын ауыр хәлде жатыр. Қалған 10 шақты тұрғын жарақат алды. Табиғатың тосын мінезінен әсіресе Ақсу қаласында айтарлықтай шығын көп.

Райымгүл Әлімбаева, Ақсу қаласының тұрғыны:

Міне, әйнегім сынды. Кеше дауыл болды. Қап-қараңғы болды. Екі баламмен шошып отырдық. Дауыл басылған соң біз далаға шыққанда астаң-кестеңі шығып жатты.

Ақсуда қос қабатты мына екі үйдің қасбеті тұтасымен опырылып түсті. Төбені жапқан қаңылтыр темір ұшып кеткенде іштен дала көрініп қалған. Тұрғындар өре көшіпті. Әкімшілік енді оларға уақытша баспана қарастырып жатыр.

Шолпан Ахметова, Ақсу қаласының тұрғыны:

Біз көрмесін, қабылдасын деп, құрылыс бөлімі мынандай төбе қабықшасын тартып тастаған. Көргенде әп-әдемі, жап-жақсы, аппақ болып тұрған. Енді қарасақ, төбеде плита жоқ.

Ал бұл пайдалануға былтыр ғана тапсырылған жаңа үй.

Ержан Салханов, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

2024 жылы қараша айында осы үйлер әлеуметтік осал отбасыларға әдейі сатып алынған. Мердігердің кепілдігі бар. Жаңа көріп отырсыздар, мердігер қалпына келтіру жұмыстарына кірісті.

Облыс бойынша құлаған ағаш пен бүлінген көлікте есеп жоқ. Кешелі бері төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық кәсіпорындар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 400-ге жуық адам мен 150-ге тарта арнайы техника апаттың салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылды.

Болат Аманбаев, тілші:

Қалада зардап шеккен нысандар көп. Апаттық бригадалар қалпына келтіріп үлгермей жатыр. Міне, көріп отырсыздар, мына көлік кешеден бері тұр. Иесінің айтуынша, ТЖБ қызметкерлері әлі келмеген. Сондықтан ол бұл көлікті әзірше алмаймын дейді.

Мақсат Мергенбаев, Ақсу қаласының тұрғыны:

Осы көлікті алмай тұрған себебім, 102,112-ге хабарласқанда олар әлі бос емеспіз, күте тұрыңыз, кезек келгенде барамыз дегенді айтып, міне, бүгінге дейін әлі солай болып тұр.

Бірер күнде апаттың салдарын жою үшін өңірде төтенше жағдай жариялануы тиіс. Бүгінгі мәлімет бойынша, 300-ге тақау нысан бүлінген. Дені тұрғын үй.

Болат Аманбаев, тілші:

Ақсудағы ең қатерлі, қауіпті аумақ осы. Мына кранның салмағы 130 тонна. Бұл адамдар тұрып жатқан үйдің үстіне құлаған.

Соңғы мәлімет бойынша, Ақсу төңірегінде 5 мың, Екібастұздың Құлакөл ауылында 45, Баянауылдың Сұлужон мен Майкөбе ауылдарындағы 115 абонент қазір жарықсыз отыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу