Биыл Жамбыл облысында қайтарылған активтердің қаржысы есебінен 15 әлеуметтік нысан бой көтереді. Ол үшін 6,2 млрд теңге бөлініп, су станцияларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Соның бірі - Өрнек және Жұма ауылына ортақ ауыз сумен қамту ғимараты. Станция құрылысы былтыр тамызда басталған. Биыл қазан айында ел игілігіне берілмек. Әзірге құрылыс жұмысы 81%-ға аяқталған. Су станциясы арқылы тұрғындарға тіршілік көзі тәулік бойы беріледі. Құрылысына республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге, ал мемлекеттік қор есебінен 129 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, аймақта Президент тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді ауыз сумен толық қамту жоспары қарқынды жүріп жатыр.
Ғалым Исақов, облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
Ауылдар бойынша 98,1% ауыз сумен қамтылған. Қалалар бойынша 98%. Бүгінгі күнге 343 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалып отырған 24 елді мекеннің 20-ында су жүйесін жүргізу, 4-де кешенді блок модульдерін орнату. Аталған жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ақтауда магистральды жылу желілерін жаңғырту жобасының екінші кезеңі жүріп жатыр.
Биыл 10 шақырым жылу құбыры жаңартылады. Жоба бойынша ескі болат құбырлар алынып, олардың орнына диаметрі 32-ден 225 мм аралығындағы заманауи полимерлі құбырлар қойылып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары төрт бағыт бойынша 17 учаскеде жүргізілуде. Оған 30-дан аса арнайы техника мен 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Жаңғырту жұмыстары жылу беру маусымына дейін аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, магистральды жылу жүйелерін жаңарту жобасы аясында былтыр қалада 11,5 шақырым құбыр ауыстырылған еді.
Д.Әлімқұл, А.Оралбайқызы
