«Орталық Азия - Қытай» саммиті: Бестік елдері мен Азия алыбы қандай келісімге келді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орталық Азия - Қытай» саммиті: Бестік елдері мен Азия алыбы қандай келісімге келді?

18.06.2025

Қазақстан Қытаймен ядролық энергетика саласында құжатқа қол қояды. Сонымен қатар екі ел бірлесіп Каспий теңізінде сауда терминалын салуы мүмкін. «Орталық Азия – Қазақстан» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныстар айтты. Ал Қытай төрағасы әлемдегі сауда соғысына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Сонымен Бестік елдері мен Азия алыбы қандай келісімге келді? Маңызды жиында Президенттер қандай құжатқа қол қойды?

Астана аспаны шайдай ашық. Азия кіндігіндегі бестік пен айдаһар елінің бір-біріне ұстанымы да айқын. Алыс-берісті арттыру — ортақ мүдде. Елордаға ат басын бұрған әріптестерін Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өзі қарсы алды.

Орта Азия мен Қытай саммиті осымен екінші мәрте өтіп отыр. Дәл осы құрамда мемлекет басшылары 2023 жылы Сиань қаласында кездесіп, әр екі жыл сайын бас қосу келісілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қос тарап арасындағы байланыс жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Қытай әрдайым Орталық Азия мемлекеттерінің сенімді және ізгі көршісі болып қала береді. Біз Орталық Азия елдерімен тең дәрежеде, шынайы әрі достық ниетпен қарым-қатынас орнатып келеміз және бұл достық әрдайым гүлдене береді.

Орталық Азия елдері де Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуге бейілді. Шығыстағы көршіміз қазір жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Қытайдың жалпы ішкі өнімі Азияның басқа елдерінің экономикасын тұтас қосса да асып түседі. Әлем фабрикасы атанған бұл мемлекет қазір нөмірі бірінші экспорттаушы ел. Жалпы жер шарындағы әрбір үйде «Мade in China» өнімі бар. Сонымен қатар әлемдегі ең ірі инвестор. Былтыр 151 елге 162 млрд доллар ақша құйған. Орталық Азия елдері де осының игілігіне дәмелі. Оның үстіне 1 млрд 400 млн-дай халқы бар Қытай - алып нарық. Бұл әсіресе азық-түлік өндірушілеріне үлкен мүмкіндік. Осы ретте Қазақстан Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосып, көршілес ел нарығына экспортты көбейтуге баса мән бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді.

Қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта тауар тасымалына түрлі жолдар қажет-ақ. Ал Орталық Азия батыс пен шығысты төте жалғап отырған алтын көпір. Былтыр Қытайдан аймақ елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Оның 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Президент жүк тасымалын арттыруға қатысты тағы бірнеше ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз.

Халықаралық сауда демекші. Қытай төрағасы Си Цзиньпин жаһандағы тарифтік текетірестер ешкімге пайда әкелмейтінін айтты. Әлемде Джунгли заңы үстемдік етпеуі керек. Халықарылық құқық пен тәртіп басты орында болуы керек,-  дейді төраға Си.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Тарифтік және сауда соғыстарында жеңімпаз болмайды. Протекционизмді қолдайтындар өзгелерге ғана емес, өздеріне де зиян келтіреді. Мен әрдайым тарих доғасын кері бұруға болмайтынын атап өтемін. Біз тек алға жылжуымыз керек. Бізге бөлінген емес, біртұтас әлем қажет.

Жаһан жік-жікке бөлініп жатқанда Қазақстан мен Қытай тағы бір маңызды салада келісімге келмек. Ядролық энергетика бойынша әріптестік дамиды. Жасыл қуат көздері бойынша да бірлескен ірі жобалар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұдан бөлек, Қазақстан Қытаймен жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеу салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеуді де ұсынды. Ал саммит қорытындысы бойынша Президенттер Астана декларациясы мен мәңгілік тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу