Қазақ ғалымдарының кітабы Амстердамда таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ғалымдарының кітабы Амстердамда таныстырылды

17.06.2025

Қазақ ғалымдарының кітабы Амстердамда еуропалық зерттеушілерге таныстырылды. Еліміздің Нидерландтағы елшілігі мен «Юнус Эмре» түрік мәдениетінің орталығы ұйымдастырған шарада «М. Әуезов және «Манас» эпосын зерттеу мәселелері», «М. Әуезов және Жамбыл» атты екі кітаптың тұсауы кесілді. Қос монография да қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезовтің бұрын-соңды жарияланбаған еңбектеріне негізделген. Кеңес кезінде Әуезовтің Манасты саяси қысымнан қорғау үшін жасаған баяндамасының құндылығын еліміздің Әдебиет және өнер институтының ғалымдары ғылыми-теориялық тұрғыдан талдаған. Манастану, Түркітануға қатысты бұрын айтылмаған рухани құндылықтар кеңінен баяндалған. Ал екінші туындыда Әуезовтің Жамбыл туралы еңбектері беймәлім мұра ретінде зерттеліп, басылған. Кітаптағы Жамбылдың жырлары арқылы әлем оқырмандары қазақтың тарихы, әдебиеті, мәдениеті, тұрмысымен тереңірек таныса алады, дейді отандық ғалымдар.

Зифа-Алуа Әуезова, шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты:

Қазақстандық әріптестерім келтірген нақты мысалдар өте қызық. Мәселен, Қазақстанда да, Қырғызстанда да «Манас» эпосын зерттеу туралы сөз болды. Моңғолдың «Жәңгір» эпосын түркітанушы ғалымдармен бірге Мұхтар Әуезов те зерттеген. Ортақ эпикалық мұра, «Диуани лұғат ат-түрік» одан кейінгі сөздіктер, лексикографиялық трактаттар бүкіл түркітілдес халықтардың ортақ ауызша мұрасына айналғаны да бүгін қызу талқыланды.

 Нинке Ван Дер Хайде, антрополог, Орталық Азия бойынша сарапшы:

М.Әуезов «Манас» эпосын сақтап қалуға ерекше үлес қосты. 1952 жылы Мәскеудегі конференцияда Кеңес билігі эпосты пантүркілік, феодалдық деп тиым салмақ болды. Бірақ қазақтың көрнекті жазушысы, ғұлама ғалымы Мұхтар Әуезов дәуірлік, аса маңызды шығарманы қорықпай қорғады. «Оған тыйым салу нағыз масқара. Сондықтан біз бұл еңбекті сақтап, оның мәңгі тірі болуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек», - деді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу