Павлодарда тойға барғандар жаппай уланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда тойға барғандар жаппай уланып қалды

09.06.2025

Павлодарда тойға барғандар жаппай уланып, ауруханаға түсті. Сенбі күні мейрамханадағы ұзату тойына 150 адам шақырылған. Келесі күні 34 адам өзін жайсыз сезініп, дәрігерге жүгінген. Оның ішінде бір жүкті әйел мен бала бар. Қазір 20 адам ауруханада жатыр. 14 адам үйлерінен амбулаторлық ем қабылдауда.

Әзиза Исабай, қала тұрғыны:

Кеше хабарласқан адамдарға, олар айтты, бәрі жақсы уайымдамаңдар деп, енді бүгін звондап айтып жатыр, біз де ауырып қалдық деп. Мен қазір қорқып тұрмын 150 адам барлығы ауырып қалмады ма екен деп.

Кеше жексенбі күні де осы мейрамханада той болып, тағы он адам дәрігерге жүгініпті. Эпидемиологтар кешелі бері мейрамхананы тексеріп жатыр. Су және тамақ түрлерінен сынама алынған. Тойға келгендердің үйлеріне ала кеткен сарқыттары да түгел тексеріледі деді санитар мамандар. Әзірге мейрамханада жұмыс істеген 7 адам жұмыстан шеттетілді, себебі олардың медициналық рұқсат қағазы болмаған.

Гүлнар Ақылбекова, облыстық санэпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары:

Науқастарға ішектің бактериалды инфекциясы диагнозы қойылды. Жағдайлары орташа. Алдын ала мәлімет бойынша мейрамхананың санитарлық эпидемиологиялық анықтамасы жоқ, яғни рұқсатсыз жұмыс істеген. Сондықтан мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтату туралы арнайы қаулы қабылданды.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу