Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір. Рәміздер күніне орай елордадағы басты байрағымызды көтеру салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы аталы сөзді еске салды. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі екенін айтты. Сонымен қатар Президент дәстүр бойынша көк Туымыздың түбінде әскери оқу орындарын үздік аяқтаған курсанттарға шен тапсырды.
Елорда. Атамекен кешені. Жылдағы дәстүрге айналған мерекелік шара сап түзеген сардарлардың өнерімен басталды. Содан кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, аспанмен таласқан көк байрағымыз көтерілді.
Ту тұғырына қонған соң Президент жиналған жұртшылықты Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады.
Президент биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды. Бізді көк паспортымыз, ортақ мақсат пен мызғымас сенім біріктіреді деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақта «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – әділетті, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды құру.
Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға шен тапсырды.
Әлихан Үйсембаев, ҚР ҰҚК академиясының түлегі:
Бұл бізге ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, қастерлі Отанымызға аянбай қызмет етуге және өзіме берілген офицер мәртебесін абыроймен арқалауға үлкен жігер береді.
Тоғжан Аманғалиева, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі:
Сіз елімізде заң мен тәртіп үстемдік орнатуы керек екенін үнемі айтып келесіз. Біз, жас офицерлер, осы бастамаңызды жүзеге асыруда үнемі күш-жігерімізді жұмсай береміз.
Мерекелік іс-шара әскерилердің салтанатты шеруімен түйінделді.
Шерхан Жамбылұлы
