Көкшетау қаласында ертең ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Оған Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 200 тоннадан астам көкөніс, жеміс-жидек пен түрлі өнім тиелген керуенді жөнелтті. Көкше жерінде оңтүстіктің брендіне айналған қауын-қарбыз бен ет өнімдері, балықтары арзан бағада саудаланады. Түлкібастықтар алмаларын, сарыағаштық диқандар қызанақ пен қиярын жіберді. Ал төлебилік жұртшылық ұлттық сусындарды жеткізеді. Түркістан облысы елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден көшбасшы аймақ саналады.
Ермұхамбет Құралбеков, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Жеміс-жидек, бақша дақылдары, балық, қайта өңдеу өнімдері осы жәрмеңкеде 15-20 пайыз төмен бағада ұсынылады. Сондай-ақ сол жәрмеңкеде Түркістан облысының қатысуымен қала тұрғындарына және қонақтарына арнап мәдени іс-шаралар өткізіледі.
Айнұр Әбілқасымқызы
