Руанда Қазақстанның цифрландыру бағытына қызығушылық танытып отыр. Екі ел ақпараттық технология, электрондық үкімет, киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды жүзеге асырмақ. Ал Қазақстан Руандадағы берилий концентратын сатып алады. Бүгін Қазақстанға келген Руанда Президенті Поль Кагамэнің ресми сапары аясында осындай ортақ келісімдер жасалды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Руанда – Солтүстік Африкадағы шағын мемлекет. Қазақстанның маңызды серіктестердің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 380 мың доллардан асқан. Тараптар бұл жолы да сауда-саттық, логистика, қорғаныс өнеркәсібі және цифландыру бағытындағы байланысты нығайтуға ниетті.
14 млн халқы бар Руанданың жер көлемі шағын болғанымен, табиғи ресурстарға бай. Инвестициялық әлеуеті зор. Сондықтан бұл сапардың екі ел үшін де тарихи мәні ерек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің бұл сапарыңыз және алдағы келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп ойлаймын. Руанданың экономикасы қарқынды дамып келеді. Меніңше, өзара байланыстарды нығайта беру қажет. Өйткені Қазақстан – ІЖӨ көлемі, ІТ технологиялар мен жасанды интеллекті дамыту бойынша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды өркендетудің басым бағыттары бола алады.
Мәртебелі мейман Қазақстанға 2015 жылы жұмыс сапарымен келген. Былтыр Бакуде өткен Бүкіләлемдік климаттық саммитінде лидерлердің кездескені тағы бар. Нәтижесінде байланыс беки түсті. Биыл алғашқы үш айдағы тауар айналымы 100 мың долларға жеткен. Экспортталатын тауарлардың көбі мұнай өнімдері, физикалық және химиялық талдауға қажетті аспаптар және майлау материалдары болса, Руанда бізге көбінесе киімдер мен кофе импорттайды. Бірақ алыс-берісті одан әрі нығайтуға логистика мәселесі кедергі келтіріп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ұлттық экономика министрі:
Бүкіл Африканы есептесек, 1 млрд долларына жетпейді. 780 млн доллар. Ол неге байланысты себебі, логистика өте қиын. Логистиканы арзандату керек. Ол деген мемлекеттік органдардың алдында тұрған мақсаттарымыз. Сосын мерзімін, әкелу-апару мерзімін қысқарту керек.
Осы ретте тараптар, көлік-логистика және сауда салаларында бірлескен жұмыс топтарын құруға ниетті. Одан бөлек, цифрландыру бағытындағы байланыс бекиді. Мәселен, Руанда Қазақстаның цифрландыру бағытындағы жетістіктеріне қызығып отыр.
Жасұлан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Е-Gov платформаны біз көрсетіп, қандай платформа құралдарын экспорттауға болатынын көрсетеміз. Оларға қашықтық зонттау спутниктерін құрастыру, сосын байланыс спутниктерін құрастыру шамаларымызды көрсетеміз.
Бұдан әрі кездесу кеңейтілген құрамда жалғасты. Президент Қазақстанның Африка мемлекеттерімен ынтымақты тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің көреген көшбасшылығыңызбен Руанда даму даңғылына түсіп, институционалды орнықтылық пен болашаққа бағдарланған жаңашылдықтың үлгісін көрсетті. Еліңіздің экономикалық өсімі 8 пайыздан асты. Бұл – жаңғыртудың жарқын көрінісі. Осы орайда Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береміз.
Поль Кагаме, Руанда президенті:
Астанаға екінші мәрте жолым түскеніне қуаныштымын. Қазақстан ұлттық даму жолында толайым табысқа жетіп, соның арқасында халықаралық аренадағы рөлі артып келеді. Біз Өзіңізбен және Сіздің еліңізбен серіктес әрі достас болғанымызға ризамыз. Көрсеткен сый-құрметіңізге алғыс білдіремін.
Лидерлер сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, электрондық үкімет және қаржы салаларындағы байланыстарды дамытуға уағдаласып, бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Бұдан әрі Қазақстан мен Руанда президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Келіссөздердің нәтижесінде, Қазақстан мен Руандадағы дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері визалық талаптардан босатылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау жолдарын қарастырдық. Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ғарыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай қадам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі екенін айтты. Мәселен, Қазақстан Руандадан берилий концентратын сатып алмақ. Критикалық металдың бұл түрі – телекоммуникация және қорғаныс өнеркәсібіне қажет.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
Бұл келісімге сәйкес, «Қазатомөнеркәсіп» еншілес компаниямыз, Руандадан берилий концентратын сатып алу мүмкіндігін қарастырады.
Сондай-ақ кездесуде мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастыққа да ерекше екпін берілді. Мәселен, президенттер академиялық байланысты дамытуға, студенттер алмасуға сондай-ақ, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті. Жаһандық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екі елдің халықаралық түйткілдерге қатысты ұстанымдары ортақ деп айтуға болады. Біз жаһандық дағдарыстың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешу керек деп есептейміз. Бейбіт келіссөздер жүргізуді қолдаймыз. Бұған қоса халықаралық ұйымдар аясында өзара ықпалдастықты күшейтуге уағдаластық.
Поль Кагаменің әлемдік саясатта тәжірибесі мол, беделді реформатор. Құрметті қонақ бүгінгі келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалады.
Поль Кагаме, Руанда президенті:
Қазақстан Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргіздік. Екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы салаларында бір-бірінен үйренері көп. Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісім жасалуын құптаймыз. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы айтарлықтай пайдаға кенеле алады.
Ендігі міндет – осы келісімдерді сапалы жүзеге асыру, деді Мемлекет басшысы. Ал ертең мәртебелі мейман Астана халықаралық форумына қатысады.
Раушан Сайлауқызы
