Басты Жаңалықтар Ережені ерекше стильде түсіндіретін тәртіп сақшысы желі жұлдызына айналды

Ережені ерекше стильде түсіндіретін тәртіп сақшысы желі жұлдызына айналды

Күнделікті өмірде көп көре бермейтін көрініс. Құқық қорғау қызметкері дегенде көз алдымызға мүлде басқа бейне елестейді. Ал Нұралы Тәңірбергенов қасаң қағидаларды бұзып, заң мен ережені елге ерекше стильде түсіндіріп жүр. Талантының арқасында тұрғындардың жүрегіне жол тапқан тәртіп сақшысы туралы келесі бейнематериалда.

Нұралы Тәңірбергенов, учаскелік полиция инспекторы:

Қалай болар екен? Бұл дұрыс па, бұрыс па деген сұрақтар туындай бастады. Ең бірінші бағытым  -әнмен баурап алу. Себебі полиция қызметкерін басқа қырынан көрсетіп барып, өзіме жақындатып, одан кейін осындай профилактикалық жұмыстарды жүргізу.

Нұралы Тәңірбергенов бала кезінен ән айтуға қызыққан. Қызметпен өнерді үйлестіре алған маман тіпті Ресей сахнасын бағындырып қайтты. Андрей Малаховтың кешкі шоуында «Modern Talking» тобының әнін орындап, дүйім жұртты таңғалдырды.

Креативті полиция қызметкеріне көпшілік құрмет көрсетеді. Оған өзіміз де куә болдық. Мектептегі оқушылар бірден танып, көрген беттен-ақ жейделеріне ақ тілегін жазуын сұрады.

Соңғы қоңырау соғылар сәт жақын. Түлектер бітіру кешіндегі вальске дайындалып жатыр. Дәл осы қарбалас шақта әр түрлі заң бұзушылықтардың болатыны рас. Сондықтан полиция қызметкері алдын-ала түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өзгелердей емес, өз стилінде.

Тәртіп сақшысы 19 тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Онда 4 мыңнан аса адам тұрады. Мұндағылар оны жылы жүзді инспектор деп атайды екен.

Шынында Нұралы Тәңірбергенов тәртіп сақшысына таңылған таптаурын пікірлерді бұзды. Елмен етене араласып, құқық қорғау саласының имиджін көтеруге үлес қосты.

Нұралы Тәңірбергенов, учаскелік полиция инспекторы:

Жеке парақшама жазатын қаншама жастар бар. Аға, сіздерге жұмысқа тұрғымыз келеді. Қызығамын сіздің жұмысыңызға. Әдемі, керемет, күшті жұмыс атқарасыз. Енді қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы, соны дұрыс қолданып жүрміз.

Ернұр Медет

Бөлісу