Түркістан облысының Сайрам ауданында ырысы артып, ынтымағы жарасқан отбасы тұрады. Балаларын еңбекке баулып, адал кәсіпті серік еткен Дүйсенбаевтар жанұясының тату тірлігі көпке үлгі. Әріптесім Айнұр Ақбаева берекелі шаңыраққа қонаққа барып қайтты.
Қошқарбек ақсақал бала күнінен еңбекке араласып, ерте есейді. Қара жұмыстан қашқан жоқпын, керісінше, қайраттанып шыңдалдым дейді. Еңбек жолын шопан болып бастап, ауылшаруашылығы саласында бел жазбай еңбек еткен. 44 жыл отасқан ерлі зайыптылардың қазір 40-қа жуық немересі бар.
Қошқарбек Дүйсенбаев, Сайрам ауданының тұрғыны:
Малымыз да, тамағымыз да болмай қалған кездер болды. Соның барлығын өткізіп, қазір осындай жағдайға жетіп отырмыз. Қазір міне балаларымыздың барлығы жақсы. Немерелеріміз бар. Енді мен өзімді бақытты әкемін деп сезінемін. Себебі бала-шағамның барлығы аман. Немерелерім алдымда.
Дүйсенкүл Дүйсенбаева, Сайрам ауданының тұрғыны:
Келінді баулыдық, жайлап өзіміздің қызымыздай қылып, Онша мұнша жерін алып жүрдім олардың тірлігін. Істей алмаған жерлеріне көмектесемін. Бір екі бала туғанша соларға құл болдым, бір екі бала туғаннан кейін соларға би болдым.
Үлгілі жанұяда өскен ұл мен қыз ата-анадан алған өнегелі тәрбиені өміріне жаратты, ұяда не көрсе ұшқанда соны ілді.
Уәлихан Дүйсенбаев, Қ. Дүйсенбаевтың баласы:
Мен де әкем сияқты көп балалы болуды армандайтынмын. Құдайға шүкір, қазіргі таңда 7 бала-шағаның әкесімін. Әке-шешеміздің бойындағы қасиеттерін алсын деп сенбі-жексенбі күні бала-шағамды міндетті түрде ауылға жіберемін. Ауылға келіп інілерімнің балдары барлығы жиналады. Ауылда жүрсе қазақтанып өседі да, қазақы тәрбие алады.
Ел ағасы ұрпағына еңбектің наны тәтті болатынын үнемі айтып отырады. Ата кәсіпті дамыту, адал ұрпақ тәрбиелеу әулеттің асыл мұраты дейді қария.
Айнұр Әбілқасым
