Павлодар облысында майлы дақыл егуге басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында майлы дақыл егуге басымдық беріледі

13.05.2025

Павлодарлық шаруалар биыл бидай алқаптарын азайтып, оның орнына майлы дақылдың көлемін арттырды. Былтырғымен салыстырғанда егістік алқабы 123 мың гектарға ұлғайған. Себебі, соңғы жылдары астық бағасы түсіп кетті. Оның үстіне климаттың күрт өзгеруі бидайдың пісіп-жетілуіне қолайсыз болып барады. Сондықтан дихандар дәстүрлі егіншілікті әртараптандыруды қолға алып жатыр.

Жаз жауынды болса арпа мен бидай, сұлы көк күйінде сақталып күзде піспей қалады. Ал ыстық болса, биылғыдай ерте көктемде салынған дән семіп қалады. Соңғы бес жылғы тәжірибе күн райын дәл болжау мүмкін еместігін дәлелдеп берді. Сондықтан дихандар суармалы егістікке ден қойып отыр. Александр Стародубцев биыл алқаптарды екі есе ұлғайтпақ.

Александр Стародубцев, шаруа қожалығының басшысы:

Мен суармалы егістікті ұлғайтып жатырмын. Былтыр бастағанмын, биыл 4 бірдей су бүркуге арналған жылжымалы аппараттарды іске қосамыз. Оларды мемлекеттің қолдауымен арнайы қаржыландыру бағдарламасы бойынша сатып алдық.

Биыл аймақ диханшылары 1 млн 687 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Бұл былтырғыдан 123 мың гектарға артық. Ерлан Шапайұлы – 14 шаруа қожалығы біріккен егіншілікпен айналысатын кооператив басшысы. Биыл олар майлы дақылдарды көбірек салып жатыр. Себебі, бидайға қарағанда күнбағыс пен зығыр бағасы анағұрлым қымбат және тез сатылады дейді.

Ерлан Тоқтышақов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының Павлодар филиалының төрағасы:

Биыл қаржыландыру жақсы. Жанар-жағармайды өте жақсы алып отырмыз, тұқым барлығы дұрыс. Енді қазір біз бүкіл күшімізді көктем жұмысына жіберіп отырмыз. Неге десеңіз жер құрғап бара жатыр. Осыған біз жанталасып отырмыз.

Биыл қар ерте кетіп, сәуірде ылғал аударды. Егіс науқанын жүргізу үшін мемлекет тарапынан уақытылы қолдау көрсетіліп жатыр.

Асылтас Құсайынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

2025 жылы Павлодар облысына 27 600 тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 900 тоннаға артық. Ағымдағы күні 24 312 тоннаға өтінім берілді. 17 091 тоннаға төленді. Және 14 000 тонна жанар-жағармай жөнелтілді.

Биыл көктемгі егіске арналған жанар-жағармай бағасы нарықтағыдан 20 пайызға арзан. Дән себуге биыл ерте кіріскен диқандар мамырдың соңына дейін егін науқанын аяқтамақ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу