Ақмола облысында 5 елді мекен тұрғындары апатты көпірден жаяу өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 5 елді мекен тұрғындары апатты көпірден жаяу өтуде

12.05.2025

Ақмола облысының Жақсы ауданындағы екі ауылмен жол қатынасы қиындады. 300-ден аса тұрғыны бар Терісаққан мен Қазақстан ауылдары және оның 3 бөлімшесінің облыс орталығымен автокөлік байланысы үзілді. Осыдан 46 жыл бұрын салынған көпір былтырғы су тасқынына шыдас бермей, апатты деп танылып, автокөлікпен жүруге тыйым салынды. Ал былтыр ғана салынған айналма жолдағы өткелді биылғы су тасқыны шайып кетті.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

1981 жылдары салынған бұл өткел ешқашан жөнделмеген. Былтырғы су тасқынынан кейін мүлдем жарамсыз боп қалғандықтан, ауыр көлік түгілі жеңіл машинаның жүруіне де тыйым салынды. Салдарынан 300-ден аса тұрғыны бар Терісаққан мен Қазақстан ауылдары көлік байланысынан үзілді. Енді тұрғындар ұзындығы 300 метр болатын көпірді жаяу жүріп өтуге мәжбүр.

5 ауылды аудан орталығымен байланыстыратын көпір елді мекендерден шамамен 60 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан бұл жерге көлікпен келген тұрғындар оны көпірдің жанына қалдырып, қарсы бетке жаяу өтіп, таксиге отырады.

Руслан Ақанов, Қима ауылының тұрғыны:

Былтырдан бері осылай жүрміз мотоциклмен, атпен. Анау жақта фазендам бар. Сол жұрттың малдарын жинап бағамыз. Осылай мотоциклмен тамақ тасып жүрмін. Жұрттар өте алмайды. Көлікті арғы жағына қойып, мына жағына жаяу жүріп. Қиындау енді, қашан істейді бұны енді.

Рамазан Сейітжапаров, Қима ауылының тұрғыны:

Жаяу суын, тамағын тасиды 300 метр ғой көпіріміз. Қазір такси дегенің осы шаруаны пайдаланып, бағасын көтеріп жібереді. Мына жақта өткел салған, оның суы қай уақытта кебейеді? Маусым немесе шілденің аяғында кебейеді.

Көпір арқылы автокөлік қозғалысы толық тоқтатылғанына 1 жылдан асты. Қираған көпірдің салдарынан 5 елді мекенге шұғыл медициналық көмек бармайды, ал азық-түлік пен дәрі-дәрмек, басқа да қажет заттарды жеткізу қиын, деп дабыл қағуда.

Олжас Әбжанов, Жақсы ауданы әкімінің орынбасары:

2025 жылғы наурызда көпір салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін жаңа көпір құрылысына қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім беріледі.

Жаңа көпірді салу бір жылдың жұмысы емес, дейді жауапты орган өкілдері. Себебі, құрылыс жылдамдығы тек мердігерге ғана емес, мемлекеттен бөлінетін қаражатқа да байланысты екенін айтады.

Жұмабек Хайролла, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Жоба құны шамамен 8 млрд теңге. Мемлекеттік сараптама өткізгеннен кейін құны нақты белгіленетін болады.

Есіл өзеніндегі су деңгейі төмендегеннен кейін уақытша салынған өткелді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Ал әзірге бес ауылдың тұрғындары үшін аудан орталығы мен Атбасар қаласына аптасына екі реттен тегін тасымал ұйымдастырылған.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу