Қазақтың танымал актері Тәуекел Мүсілім басты рөлді сомдаған Өзбекстанның атышулы «Үш қаһарман» фильмі ел кинотеатрларында көрсетіле бастады. Өзбек кинопродюсерлері бұл рөлді актерға арнайы ұсынған. Драма мен экшнға толы туынды Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі және Кинематография агенттігімен бірлесіп түсірілген.
«Үш қаһарман». Қылмыспен күресте күш біріктірген үш тәртіп сақшысы. Фильмде қауіп-қатер мен қиындыққа қарамастан, әділдік жолында білек сыбана күрескендердің өмірі баяндалады. Басты рөлдің бірін сомдаған «Үш қаһарманның» бірі – қазақ актері Тәуекел Мүсілім.
Тәуекел Мүсілім, актер:
Ұсыныс түскенде, сценарийді оқыдым, өте ұнады. Мен үшін өте сапалы, жақсы дүние болып шықты. Әрдайым халықаралық жобада бой көрсеткен мен үшін – үлкен мәртебе.
«Үш қаһарманның» тағы бірін өзбек елінің танымал актеры Ұлықбек Қадыров сомдайды. Кино жұлдызы қазақ көрерменіне бұрыннан жақсы таныс. Актер фильмнің премьерасына қатысу үшін Алматыға арнайы келді.
Ұлықбек Қадыров, актер /Өзбекстан/:
«Үш қаһарман» фильмі терең мағынаға толы. Өз отаныңды сүю, бағалау, қадірлеуге үйретеді. Қазір әлемде дүрбелең, қақтығыс көп. Сондықтан киноны көргеннен кейін еліңнің тыныштығын, бейбіт тірлігін бағалай бастайсың.
Шым-шытырыққа толы кинотуынды шынайы оқиғаға негізделген.
Шахрух Расулов, сценарист, қоюшы режиссер /Өзбекстан/:
Фильмнің ең қиын әрі күрделі экшн сахналарын қазақтың «Nomad stunts» каскадерлар тобы ойнап берді. Голливудта өнер көрсететін кәсіби мамандарға, қазақтың талантты актері Тәуекел Мүсілімге алғыс айтамыз. Фильм талғампаз қазақ көрерменінің көңілінен шығады деген сенімдемін.
Бұл фильм – халықаралық жоба. Желтоқсан айынан бастап Өзбекстанда көрсетілсе, енді қазақ көрерменіне жол тартты. Алдағы уақытта бірнеше елде көрсету жоспарланған.
Жазира Оразқызы
