Бельгияда билікке қарсы наразылық акциясы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда билікке қарсы наразылық акциясы өтуде

29.04.2025

Бельгияда бүгін жалпыұлттық ереуіл. Мемлекеттік қызметкерлер жұмысты тоқтатып, үкіметтің қатаң үнемдеу саясатына қарсы елдің бірнеше қаласында шеру өткізіп жатыр. Мәселенің мән-жайын Брюссельден байланысқа шыққан әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, бүгін осы ереуілге байланысты Бельгия әуежайларынан ұшатын барлық рейс кейінге шегерілгені рас па?

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бүгін елдің Шарлеруа әуежайынан ешқандай ұшақ ұшып, қонып жатқан жоқ. Брюссельдің Завентем әуежайынан ұшатын рейстер де кейінге шегерілді. Салдарынан 40 мың жолаушы жолынан қалды. Себебі, әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлердің барлығы осы жерде наразылық акциясына қатысып жатыр. Елдің ең ірі Антверпен теңіз портының да жұмысы тоқтап, жүк тиелген 500 кеме портқа кіргізілмеген. Шерушілер үкіметтің зейнетақы реформасына, бюджетті қысқартуына қарсы. Пікірлерін назарларыңызға ұсынамын.

Фабрис Бэна, мұғалім:

Бұрын тәжірибелі мұғалімдерге 58 жаста зейнетке шығуға рұқсат етілетін. Енді жаңа үкімет мұның бәрін тоқтатып, 67 жасқа дейін жұмыс істетпек. Бұған жол беруге болмайды.

Мартин Вандерлейн, әлеуметтік қызметкер:

 Аризона үкіметі әлеуметтік төлемдерді қысқартып, ойына келгенін істемек. Онсызда айлығымыз аз, сатып алу қабілетіміз төмен. Қымбатшылық қажытып жіберді.

Қызметкерлер жұмысқа шықпағандықтан бүгін пошта, әкімдіктер, басқа да мемлекеттік мекемелер жабық. Ауруханаларда шұғыл операциядан басқасы кейінге шегерілген. Қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Бірен-саран автобус, трамвайдан басқасы тоқтаған. Қалааралық пойыздардың да тек үштен бірі ғана жүріп тұр. Шерушілер билік жанайқайымызға құлақ түрмесе ереуілді күшейтеміз деп отыр.

Нұрсұлу Қасым 


Хабарламаларға жазылу