Бүгінгі отырысқа да Шерзаттың жақындары қатыспады. Таңғы 10:00-де басталған процесс түсте 1,5 сағаттай ғана үзіліс жасап, кешкі 18:30-да аяқталды. Прокурор Дана Сәрсенбай Шерзаттың ағасы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың сотқа дейінгі алдын ала тергеп-тексерудегі берген куәлігін де толық оқып шықты. Оған сай, дүкен алдында төбелес басталмас бұрын сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев Чика есімді азаматқа қоңырау шалып, келуін сұраған. Ол келген соң Нұрқанатпен сөйлескен де ұруға бұйрық берген.
Дана Сәрсенбай, мемлекеттік айыптаушы:
Менің бетіме қарап, мен шалмын ғой деді. Мен оған ары кетсе отызда шығарсың дедім. Ол күлді. Магазинге қарай кетті және дүкеннің есігін ашып, артындағы жігіттерге «Делайте» деп айтты.
Куәлік етушілердің бірі - Әшірбай Талғаттың айтуынша, ол сотталушы Абзал Шынасылды дүкен алдына дейін алып келген. Абзал Шынасыл көліктен түскенде, сәлден соң мылтықтың даусын естіген. Әшірбай Талғат ол қаруды Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолынан көргенін айтты және қорыққаннан көлікке мініп кетіп қалдым дегенді жеткізді. Шамамен 10 минуттан соң оқиға орнына қайта барғанында, жерде құлап жатқан Шерзат пен оның анасын көрген.
Әшірбай Талғат, куә:
Мылтық көргеннен кейін мен кетіп қалдым ғой. Өзім ол кезде жақында тойым болатын еді. Соған байланысты өзімде де кішкене қорқыныш сезімі болды...
Сонымен бүгін 5-отырыс аяқталды. Келесі отырыс 5-6 мамыр күндеріне белгіленді.
Дамир Нұрмұхамет
