Майқайың апаты: Алты адамға айып тағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майқайың апаты: Алты адамға айып тағылды

28.04.2025

Бүгін Павлодар облысының Баянауыл ауданында Майқайың апатына қатысты негізгі сот отырысы басталды. Естеріңізге сала кетейін, кен байыту комбинатының 4 жұмысшысы былтыр шұңқырға құлап опат болған еді. 

Майқайыңдағы апаттан кейін тура 1 жыл 4 ай өткен соң барып, қылмыстық іс сотқа түсті. Тараптар қарсы болғандықтан бүгінгі отырысқа ақпарат құралдары жіберілмеді. Белгілісі, шулы іске қатысты айыпкерлер саны алтау. Олар – «Майқайыңалтын» кен байыту комбинатының экс-директоры мен өндірістік учаскелерді басқару және инженерлік құрамдағы бес маман. Дерекке қарағанда, күдіктілер бірден жұмыстан босатылған жоқ. Тергеу амалдарынан соң үй қамағында отырды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр 4-ші қаңтарда 4 құтқарушы отырған автобус шыңырауға құлап кеткен еді. Келесі күні екі азаматтың мүрдесі сыртқа шығарылды. Ал екі құтқарушының денесін алты айдан соң әрең тапты. Марқұмдардың отбасына кәсіпорын тарапынан материалдық өтемақы төленді және мемлекеттен жәрдемақы берілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, тау-кен, геологиялық жұмыстар саласындағы сарапшылар және арнайы құрылған комиссия құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші кінәлі деп шешім шығарған болатын. Енді алдағы үш күн бойы 46 томға жүк болған осы қылмыстық істі сот егжей-тегжейлі қарамақ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу