Түркістан облысының Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысы басталды. Бұл бастама мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып отыр. Жобалық құны 890 миллион теңге болатын нысан 300 оқушыны қабылдай алады. Сонымен қатар көршілес ауылдардың да балаларын оқытуға мүмкіндік бермек. Ал қазіргі өнер мектебінің ғимараты тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр.
Айта кетейік, бүгінге дейін мемлекет пайдасына активтер есебінен 610 млрд теңге қайтарылды. Оның 506 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, 103 млрд теңгесі – мүлік. Ал Түркістан облысы бойынша қайтарылған активтер есебінен 27 нысанның құрылысын қаржыландыру көзделген.
Құрманәлі Жылқыбай, Темірлан ауылының тұрғыны:
Біз жаңа өнер мектебі салынса деп армандап жүрген болатынбыз. Соған қол жеткізіп отырмыз. Бұл өнер мектебінен неше түрлі біздің аудандағы таланттар өсіп-шығып, білім алып, біздің еліміздің рухани дүниесіне үлес қосады деген ойдамыз.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы:
Бүгінгі күнге Үкіметтің мақұлдауымен ел бойынша 280 жобаны қаржыландыру басталды. Оның ішінде 130-дан астам елдімекен таза ауызсумен қамтылады, 100-ден астам ауылда жаңа медициналық мекемелер салынып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетеледі. Мектептер, спорт кешендері, мәдениет ошақтары салынып жатыр.
Айнұр Ақбаева
