Жамбылда Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай екі жерден ескерткіш тақта ашылды. Әуелгісі батыр Баукеңнің туған жері Жуалы ауданында, тағы бірі облыс орталығынан бой көтерді. Жеңіс күні қарсаңында өткен шараға еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов пен батырдың ұрпақтары қатысты.
Биыл батыр Баукеңнің туғанына -115 жыл. Бауыржан Момышұлы 1931-32 жылы Жуалы ауданында прокурор болып қызмет еткен. Сондықтан оның құрметіне аудандық прокуратура алдынан ескерткіш тақта ашылды.
Таразда Бауыржан Момышұлы мен соғысқа қатысқан өзге прокурорларға арналып ескерткіш тақта тұрғызылды. Бүгінгі буын Баукең мен әріптестерінің еңбек жолына қарап, әскери қызметші ғана емес, әділет қорғаушысы болғанын біледі. Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов осыны айтып, батырдың келіні Зейнеп Ахметоваға батырдың бейнесі бедерленген бюст табыстады.
Зейнеп Ахметова, жазушы қоғам қайраткері:
Көзінің тірісінде айтатын қайда барсам да алдыңнан шығамын дейтін. Содан кейін мен өлген соң да тірілердің ішінде жүремін дейтін. Шынында да Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да атаның атында мектеп, атаның атында көше. +Жер бетінде қазақ дейтін халық аман-есен тұрғанда атаның да аты мәңгілікке жасай береді.
Бұл күні жас прокурорлар салтанатты түрде ант қабылдады. Енді олар облыстың бес ауданында еңбек жолын бастамақ.
Батухан Әмір, Қордай ауданы прокуратурасының прокуроры:
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының өмір жолы бізге үлгі, тарихи мұра ретінде қалыптасқан. Біз осы кісіден үлгі алып, батыр бабамызға ұқсап біз еңбек жолын жалғастырамыз. Әрдайым елге қызмет етеміз.
Мәртебелі майдангер қолына қарумен қатар қалам да ұстады. Сондықтан Бауыржан Момышұлының ерлігімен бірге еңбектері де ұрпақ үшін құнды дейді жастар.
Данияр Әлімқұл
