Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында темір жол вагондарын жөндейтін мамандар жұмыссыз қаламыз деп алаңдаулы. Айтуларынша, мекеме басшылығы жұмыстан шығуға арыз беріңіздер, кейін бірден қайта қабылдаймыз деген. Алайда қызметкерлер алданғанымызды кеш түсіндік дейді. Қысқартуға ұшырамаған мамандарға сағаттары қысқаратыны туралы хабарланған.
Тоғыз жолдың торабындағы Қандыағаш вокзалы темір жол саласындағы ең маңызды нысандардың бірі. Бұл жермен тәулігіне ондаған жүк пойызы өтеді. Ал бұзылған вагондарды жөндейтін бұл қызметкерлерден соңғы күндері маза қашқан. Мекемеде 20-30 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан мамандар бізді зейнет жасына жақындағанда керексіз етіп тастады деп налиды.
Төлеген Шерінов, вагон жөндеу бекетінің қызметкері:
Арыз жазыңдар өз еріктеріңмен деді. Ертең тендер ойнатылып болғаннан кейін ешкім қысқармайды, кейін жұмысқа алынады деді. Одан кейін үш күннен кейін хабар келді, ұялы телефон, зум арқылы жиында айтылғанда, тоғыз адам сокращение деді.
Бұл қызметкерлер «ҚазТемірТранс» компаниясының жүк вагондарына қызмет көрсетеді. Олармен жыл сайын жаңа еңбек шарты жасалады. Бұл жолы олардың жұмыстан шығарылатыны хабарланған. Ал басқаларының сағаты қысқаратын болған. Мекеме кеңсесі Астана қаласында. Басшыларымен телефон арқылы байланысқанымызда, олар мәселенің шешілу жолдарын қарастырып жатырмыз деді.
Қанат Жаңаберген, «Деповский сервис» ЖШС бөлім басшысы:
Ол кісілердің ешқайсысы жұмыссыз қалмайды. Себебі жұмысшылар істеп жатқан бекеттер бізде арендада. Ол жұмысшылар штатқа алынған. Егер басқа мекеме ұтатын болса конкурсты, сол басқа мекемеде жұмыс істей береді.
Дегенмен вагон жөндеушілер бұл сөзге әзір толық сенбей отыр. Бұған дейін қысқартуға негізгі себеп ретінде жұмыс көлемінің азаюы аталған. Жағдайға аудан әкімдігі де алаңдаулы.
Әкімжан Есенаманов, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары:
«Мансап» орталығы оларға жұмыс тауып береді міндетті түрде. Қазір біз «Ақтөбемұнайгаз» секілді үлкен мекемелермен байланыстамыз. «Вагонный депомен» де сөйлестік. Бұл жұмысшыларды сол «Вагонный депоға» да жіберуіміз мүмкін.
Мәселе екі-үш апта ішінде толықтай шешілуі тиіс. Алдағы күндері компания өкілдері мен аудан әкімдігі жұмысшылармен кездесіп, жағдайды түсіндіреміз деп отыр.
Жақсыбек Кемал
