Кеше Стамбұлда болған 6,2 балдық жер сілкінісі кезінде 236 адам жараланған. Бұл мәліметті елдің Денсаулық сақтау министрі таратты. Олардың көпшілігі зілзала кезінде жоғарғы қабаттан секіріп немесе баспалдақтан асығыс түскенде құлап, жарақат алғандар. Сондай-ақ жер дүмпуінен қала орталығындағы бір ескі үй құлап, тоғыз үйдің құлау қаупі болғандықтан тұрғындары көшірілді. Дегенмен, үйінді астында қалған тұрғындар жоқ. Мамандар кешегі қуатты жер сілкінісінен кейін 184 жер тербелісін тіркеген. Олардың кейбірі 5,9 баллға дейін жетті. Зілзаланың қайталануынан қорыққан көптеген қала тұрғындары түнді саябақтар мен ашық алаңдарда өткізді.
Мұрат Курум, Түркияның қала салу және қоршаған ортаны қорғау министрі:
Қазір үш мың маманымыз қираған немесе қандай да бір зақым келген ғимараттардың барлығын тексеріп жатыр. Екі күн бойы тексеріс жүргізіліп, ғимараттар тұруға жарамды ма, жарамсыз ба соның барлығын анықтайды. Егер тұрып жатқан үйлеріңізде үлкен жарықтар болса немесе қандай да бір қауіп болса ғимаратқа кірмеулерін сұраймыз.
Айдос Әшім
