Түркияның Малатия қаласында жер сілкінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның Малатия қаласында жер сілкінді

27.02.2023
Түркияның Малатия қаласында жер сілкінді

Түркияның Малатия қаласында бүгін түсте тағы да жер сілкінді. Бұл жолы қуаты 5,6 балдық жер дүмпуінен жүзден аса адам жараланып, бір адам қайтыс болған. Екі апта бұрын болған қуатты жер сілкінісінен кейін бұл өңірде дүмпулер әлі де тыйылмай тұр. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Бүгін Түркияның Малатия қаласында жергілікті уақытпен сағат түскі бірлер шамасында 5,6 балдық жер сілкінісі болды. Соңғы ақпаратқа сай, жер дүмпуінен бір адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған. Жаралылардың көбі ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау министрлігі олардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатқанын, алты адамға операция жасалғанын айтты.

Қайтыс болған және жараланған адамдардың көбі тыйым салынғанына қарамастан, қирап тұрған үйлерінен заттарын алуға кіргендер. Жараланғандар арасында құлаған ғимараттардың үйінділерін тазалап жүрген жұмыскерлер де бар. Бүгінгі жер сілкінісінде барлығы жиырмадан аса ғимарат құлады. Қазірге дейін үйінділер астынан 32 адам құтқарылған.

Дәл қазір әлі екі ғимараттың үйінділерінен адамдар іздестіріліп жатыр. Зілзала көршілес Қахраманмараш, Газиантеп, Адыяман қалаларында да сезілген. Мамандар бұл өңірлерде әр үш минут сайын жер дүмпулері сезіліп жатқанын айтады. Соңғы екі аптада он мыңнан аса жер дүмпуі сезілген. Олардың бірнешеуі 5 балдан жоғары болды. Сондықтан мамандар тұрғындарға құлағалы тұрған үйлерге кірмеуді, тіпті жақындамауды қатаң ескертіп отыр.


Хабарламаларға жазылу