Енді ақын, әнші, сазгерлер авторлық сыйақыларын әділ түрде алуы үшін цифрлық платформа құрылмақ. Ол жерде гонорар қалай есептелмек? Мәжіліс депутаттары авторлық құқыққа қатысты заңға өзгертулер енгізіп жатыр. Мәжіліс отырысынан Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Мәжіліс депутатының айтуынша, елімізде әншінің де, сазгердің де авторлық құқығы тапталумен келе жатыр. Сыйақыға қатысты тіпті қалыптасқан жүйе де жоқ. Депутат бұған нақты дәлелдерін келтірді.
Нартай Сәрсенғалив, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар 3 айда автордың ұрпағына 22 мың төлеген. Бірақ олар автордың құқығын өте қатты бұзып отыр. Мәселен, автордың шығармасы орындалады. Және сол үшін авторлық қоғамға ақша түседі. Осы ақшаның 70 пайызы аталған қоғамда қалса, 30 пайызы автордың өзіне барады.
Депутат келтірген дерекке сәйкес, елімізде 15 авторлық қоғам бар. 2023 жылы 1 млрд 550 млн теңге түскен. Соның 439 млн теңгесі ғана авторларға төленген. Әділет министрі бұл сауалға былай деп жауап берді.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
Бұл мәселе өте күрделі. Бұл мәселені шешу үшін екі қадам керек. Бірінші, заңгерлік жағынан тиісті заңдарға өзгеріс енгізуіміз қажет. Өз жауабымда айтып кеттім. Екінші жағынан, ұйымдастыру жағы болу керек. Біз бүгіннен бастап тиісті платформаны әзірлеп жатырмыз. Ол платформаны, біздің ойымызша күзге дейін жазып боламыз.
Әділет министрлігінен бұл платформаның қалай жасалатынын анықтап білдік. Яғни цифрлық жүйеде, автордың да, орындаушының да, қоғамдық ұйымдардың да тізімі жасалады. Онлайн форматта «жеке кабинет» болады. Ол арқылы шарттар жасасудың, сыйақыны жинау, бөлу және төлеу процестерінің барлық кезеңдерін қадағалауға мүмкіндік бар. Яғни кімнің қанша алғанын тайға таңба басқандай көрінеді, - деді мамандар.
Самал Қабышева, тілші:
Авторлық құқыққа қатысты тағы бір жаңалық. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар кез-келген туындыны автордың құқығынсыз оның қарпін өзгертуге және аудиожазбасын жазу құқығына ие болады. Бүгін осы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мақсат - мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін шектемеу.
Самал Қабышева
