Қазақстан Түрікменстанның Галканыш кен орнын игеру жұмыстарына қатысады. Түркістанда өткен бейресми кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов осы мәселеге мән берді. Тараптар автомобиль және темір жол арқылы тасымалданатын жүктің көлемін арттыру, ІТ саласындағы ынтымақтастық мәселесін де қозғады. Қазақстан Президенті мәртебелі мейманды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы:
Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Қ.Тоқаев Пен Г.Бердімұхамедов өнеркәсіп көрмесін аралады
Кездесуден соң Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы SPK Turkistan индустриалды паркін аралады. Қазір мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 40 миллиард теңгеге жуықтайтын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты. Маңызды келіссөздер өткізіп, бірнеше нысанды аралағаннан кейін Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан әуежайынан шығарып салды.
Оңғар Алпысбайұлы
