Павлодарда Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың жауынгерлік жолына арналған ғылыми конференция өтті. Дерекке қарағанда Екінші дүниежүзілік соғыста ұлты қазақ 100-ден аса жауынгер жоғары атаққа ие болған. Ал, Махмет Қайырбаев қатарынан үш мәрте ұсынылып барып кеудесіне алтын жұлдыз тағады. Бастапқыда танкке қарсы батарея командирі небары 15 жауынгерімен жаудың бір батальон әскерін жойып жіберген. Одан кейінгі ерлігін Әзілхан Нұршайықов «Соғыста екі танкі қиратқанға да ер атағы беріледі. Махмет Қайырбаев 22 танк жойыпты. Бұл сұрапыл шаруа ғой»,-деп жазған. Кейін Шауляй қаласына кіруге ұмтылған жау әскерінің бетін жеті рет қайтарады. Сөйтіп ол небары 20 жасында батыр атанады. Ал соғысқа 16 жасында өз еркімен өтініш жазып барған. Екі жыл әскери училищеде оқиды.
Серік Елікбай, жазушы:
Өзінің әкесі «Халық жауы» деп атылып кеткен кезде отбасының атын ақтап алу үшін өзінің кеудесін оққа тосқан аздаған батырлардың бірі. Бұл майданға саналы түрде, мысалы Мәншүк Мәметованы айтқанда да осындай дүниені айтамыз. Махмет ағамыздың ерлігі ешқандай даңқсыз, ешқандай қамшы салдырмас нағыз ердің, елдің ерінің ғұмыры мен өмірі деп айтсақ қателеспейміз.
Болат Аманбай
