«Шымылдық» фильмі көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шымылдық» фильмі көрерменге жол тартты

18.04.2025

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында Tiger Films-тің қолдауымен «Шымылдық» фильмі көрсетіледі. Туындыны өзбекстандық талантты режиссер Шухрат Саломов түсірген. Фильмде отбасы құндылықтары мен қос ғашықтың басынан өткен таңғажайып, шым-шытырыққа толы оқиғасы баяндалады.

Тохир мен Зухра бір-біріне ессіз ғашық болып, сүйіп қосылады. Алайда жаңа өмірге қадам басқан соң, жас отбасында ұсақ-түйек кикілжіңдер көбейіп кетеді. Сөйтіп сөз байласқан екеуді тұрмыс тауқыметі ажыратып жібереді.

 Ситора Әлімжанова, актриса:

Ажырасқан соң екі тарап та еркіндік пен жаңа өмірге асығады. Екеуі бөлек тұрса да, ғайыптан болған тылсымның күшімен күнде таңертең өнер музейіндегі шымылдықтың ішінде бірге оянады. Осы арқылы ұлттық бұйым шымылдықтың қадірін түсіндіргіміз келді.

Фильм сюжеттері шым-шытырыққа толы, комедия жанрында. Десе де, көрерменді күлдіре отырып ойландыратын ұрымтал тұстары көп.

Дадахон Обидов, актер:

Біз көрерменге сезім пен ақылды тең ұстап, қандай қиындықты да жеңуге болатынын жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта қазақ режиссерлерімен бірлесіп жұмыс істейміз деп ойлаймын.

Актерлік құрамға кіл мықтылар таңдалып алынды. Ал қос ғашықтың рөліндегі әртістер шынайы өмірді сомдап бере алды, дейді шығармашылық топ.

Бауыржан Айтмағамбетов, актер:

Қырғыз, қазақ, өзбек бір қан. Өзбекстанда да, Қырғызстанда да жас кезде тұрмыс құрып қойып, ажырасып кететіндер бар. Соған қарсы істегенбіз. Режиссеріміз жас, қайратты.

Туынды бас-аяғы бір ай ішінде Ташкентте түсірілген. Өзбек тілінен бөлек қазақ, қырғыз, әзербайжан тіліне аударылған.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу