Асық жинаған озар! Ақтөбелік Ерболат Қуанышев Қазақстанның рекордтар кітабына енуді көздейді. Ол 13 жыл ішінде 3 400-ге жуық асық жинаған. Мал сүйектерін құр жинап қана қоймай, олардан әр түрлі бұйымдар жасауды әдетке айналдырған. Шебердің қолынан шыққан дүниелерді кәдесый ретінде сатып алатындар көп.
Ерболат мал шаруашылығымен айналысады. Ал, асық жинау – оның хоббиы. Дегенмен, уақыт өте келе бұл әуестігі екінші кәсібіне айнала бастаған. Ол асықты сол күйінде жинауға болмайды дейді. Алдымен, суда 4-5 сағат бойы қайнатып, одан соң тазартады. Кейін қынамен бояйды немесе лак жағады.
Ерболат Қуанышев, шебер:
Ешкімнен алған жоқпын. Алсам 10 дана алған шығармын әрі кетсе. Сосын сыйлыққа да бермеймін асықты. Енді өзім рекордқа жинап жатқасын біреудің өзі сан ғой.
Шеберге Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне қатысуға да ұсыныс түсіпті. Алайда, ол кезде дайын болмағанын айтады. Оның қолынан шыққан бұйымдарға қызығатындар өте көп. Әсіресе, шежіре жинағы, аспалы шамдарға сұраныс жоғары.
Ерболат Қуанышев, шебер:
Қазақы сөздер жазылады сүйекке. Олар енді сирақтары малдың. Ол да қайнатылып, тазартылады. Тегістейміз. Өзінің жұмысы бар. Музейден орын беретін болды. Оны уақытында көреміз. Енді музейді 5-6 кв метрді толтыратын заттар бар. Таза қолдан істелген, экологиялық таза.
Ерболат үйінің бір бөлмесін шағын мұражайға айналдырған. Бұл жерге аң терісінен және сүйектен жасалған бұйымдар қойылған. Ерекше дүниелерді арнайы келіп қызықтайтындар баршылық.
Роман Малаев, қала тұрғыны:
Інімнің тіршілігіне риза боламын. Қазақтың бір салты ғой. Баяғы асықты дәстүрлеу, ойынды қолға алу.
Коллекционер сүйікті ісінен қол үзбек емес. Керісінше, шеберлігін одан әрі шыңдап, жаңа дүниелер жасауды көздеп отыр. Жуық арада биіктігі 2 метр болатын асық мүсінін жасауды қолға алмақ.
Жақсыбек Кемал
