Алматылық оқушылар NASA байқауында жеңіске жетті. Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы ойлап тапқан, ғарышта өмір сүруге арналған станция, әлемнің үздік жобаларының қатарына кірді. Байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан аса оқушы қатысып, 5 мыңға жуық жұмыс ұсынылған. Жүлделі бірінші орынды алматылық оқушылардың "YURT" жобасы иеленді. Олар халықаралық байқауда Юпитер орбитасында қозғалатын автономды ғарыш станциясының жобасын қорғаған. Бұл станция 30 мың адамға шақталған. Жасанды гравитация мен толық дербес тіршілік ету жүйесімен жабдықталған. Жеңімпаздар 19-22 маусым аралығында АҚШ-тың Орландо қаласында өтетін конференцияға жолдама алды.
Камила Ертісқызы, жүлдегер оқушы:
Автономды станция ол Юпитердің орбитасында жүреді. Кейде спутниктермен яғни Ганимед және Каллистомен жақындатады. Оның ең басты энергия көздері ол термоядролық реактор және оның бетінде орналасқан күн панельдері.
Серік Ақылбекұлы, жоба жетекшісі:
Оқушыларымыз жолдама ұтып алды. Соның арқасында Орландода өтетін конференцияға қатыса алады. Бүкіл әлемнен келген мықты жобалар сол жерде таныстырылады. Одан бөлек сол жерде астронавтар, яғни ғылымды көтеріп жатқан, ғарышты көтеріп жатқан көптеген ғалымдармен кездесулер өткізеді.
Осы NASA мен АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы ұйымдастырған байқауда тағы бір қазақстандық команда екінші орын иеленді. Оқушылар 45 мың тұрғынға арналған «Икарус» жобасын таныстырған. Станция Ганимедтің төменгі орбитасына орналасуға арналған. Айта кетсек, бұл - жыл сайын мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылатын халықаралық байқау. Ол оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін, креативтілігін және ғылымға ұмтылысын дамытуға бағытталған.
Қуан Нұрақын
