Бельгиядағы қазақстандықтар елшілікте бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиядағы қазақстандықтар елшілікте бас қосты

14.04.2025


Бельгиядағы қазақстандықтар Брюссельде бас қосып, елдің дамуына бағытталған жоспарларын ортаға салды. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі балалар мен ересектер арасында спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Қазақстандықтардың кездесуіне биыл шетелдік қонақтар да қатысып, қазақтың мәдениетімен танысты.

Қазақстан елшілігіндегі кездесуге отандастарымыз Брюссельден 100, 200 шақырым жердегі қалалардан жиналды. Түрлі салада жетістікке жетіп, елдің абыройын асқақтатып жүрген жерлестеріміздің құрметіне ән жырдан шашу шашылды.

Жерлестеріміз жаһандану заманында жұтылып кетпей, ұлттық құндылықты ұлықтау маңызды екенін мойындайды. Сол үшін жасы да, жасамысы да кездесуде асық ойнау, арқан тарту, садақ атудан өзара бәсекеге түсті. Ұлттық киімді дәріптеген кішкентай балғындардың өнерін тамашалап, ұтыс ойындарына қатысты. Демеушілер ұсынған бас жүлде - Қазақстанға жолдама ақтөбелік Айгерімге бұйырды.

Айгерім Аққұлова, Бельгиядағы қазақ диаспорасының мүшесі:

Осындай жолдама ұтқаныма өте қуаныштымын. Жаңа жылда Астанаға баратын болдық. Еліміз тыныш, бақытты болсын. Осындай күшті себептермен жиі кездесе берейік.

Анна Сусарова, Бельгияның Валлония аймағындағы Қазақстанның құрметті консулы, адвокат:

Ұлттық ойындар ойнап, дәстүрімізді еске түсіріп, бір марқайып қалдық. Жерлестермен кездесу ұйымдастырған елшілікке алғысымыз шексіз.

Мерекеде шетелдік меймандарға салт-дәстүр таныстырылды. Көпшілік кішкентай Османның тұсаукесер рәсіміне куә болды.

Ливию Ферриссель, «Ecata» қауымдастығының тең құрылтайшысы:

Бір отбасыдай болған қазақ қауымын көргеніме қуаныштымын. Дәстүрі, әні, өнері, ұлттық киімдері керемет. Барша қазақстандықтарға амандық, байлық тілеймін. Еуропамен байланыстарыңыз арта берсін!

Кездесуде шетелдіктер мен отандастар ұлттық тағамдардан дәм татып, ортақ жобаларды талқылады. Туған жердің қадірін шетте жүріп терең түсінген Бельгия қазақтары Қазақстанның дамуына атсалысып, жиі басқосуға уағдаласты.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу