Жамбыл облысында көпқабатты үйдің құрылысы 3 айдан кейін тоқтап қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында көпқабатты үйдің құрылысы 3 айдан кейін тоқтап қалған

11.04.2025

Жамбыл облысы, Шу қаласында 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген көпқабатты үйдің құрылысы 3 айдан кейін тоқтап қалды.

Жоспар бойынша құрылыс 8 айда бітуі тиіс еді. Ал көпқабатты үй көтерілетін аумақ «Жетісу» шағын ауданына айналуы керек болған. Қазір жаңа ауданның жұрнағы да жоқ. Қираған іргетасы мен қағылған қазықтарының орны ғана қалған. Мердігер қаржының тек 175 млн теңгесін игеріп, құрылыс тұралаған. Салдарынан 80 отбасы үй кезегін сарыла күтіп жүр.

Мақсат Сұлтанғазиев, Шу ауданының тұрғыны:

170 млн-ға бір ауылға мәдениет үйін салуға болар еді. + Болмаса жанағы абаттандыру жұмыстарын атқаруға болатын еді. Балалар ойын алаңшасын жасауға болатын еді. + 170 млн сол жерге салынды. Еш нәтиже жоқ. Бір сөзбен, жалпақ тілмен айтқанда далаға кетті десек қателеспейміз.

Әкімдік бес қабатты баспананы салуға кіріскен серіктестік кестеден кешікті дейді. Оның үстіне үй іргетасы мен төсемдері талапқа сай болмады деген кінәрат тапқан. Қазір сот арқылы келісімшартты біржақты үзуге кіріскен. Құрылыстың қашан жалғасатыны белгісіз.

Найманхан Абдрашев - Шу ауданы әкімінің орынбасары:

Тексеріс барысында іргетасы жасалған құрылыс жұмыстары тексерістен өтпей, қайта бұзуға комиссиямен шешім қабылданды. Осыған байланысты мердігер міндеттемелерін сметалық құжаттамаға сәйкес орындамағаны үшін облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берілді. 

Данияр Әлімқұл 

Хабарламаларға жазылу