Еуропада баланы қараусыз қалдырғандар қатаң жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада баланы қараусыз қалдырғандар қатаң жазаланады

07.04.2025

Еуропа елдерінде 12 жасқа дейінгі балаларға лифтке жалғыз мінуге тыйым салынған. Осы жасқа дейінгілерді «нан, сүт әкел» деп дүкенге жұмсауға да болмайды. 14 жасқа дейінгі балаларды көлікте, үйде жалғыз қалдыру қылмыспен пара-пар. «10-15 минутқа ғана қалдырдым» дегендер де қомақты айыппұл төлейді. Ата-ананың қарауынсыз қалып, бала жапа шексе, әке-шешесі бас бостандығынан, ата-ана құқығынан айырылады. Еуропада баланың құқығы «Отбасы кодексі», «Балалар мен жастарды қорғау» заңы аясында қорғалады. Балаларды қорғау ұйымдарының өкілдері кәмелетке толмағандардың тұрмыстық жағдайын жіті бақылап отырады.

Маргарита Риччи, қала тұрғыны:

Балаларды үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Бірдеңе болса, өзің жауаптысың, 13 жасқа келгенше көзден таса қылмаған жөн. 13-ке толғанда жауапкершілікті сезінсін деп, жақын жерлерге ғана жіберемін.

 Клоуис Морган, балаларды қорғау ұйымының өкілі:

Жауапсыз ата-ана 150 мың еуроға дейін айыппұл төлеп, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Балаларын уақытша орталықтарға орналастырамыз. Заңды бір емес, бірнеше рет бұзғандар ата-ана құқығынан айырылып, сәбилерін өзге адамдар асырап алады. Біз жауапсыздарға жазаны қатайтуды талап етудеміз.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу