Ақтөбеде балаларын қорғамақ болған әке пышақ жарақатын алды. Оқиға тал түсте қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласындағы балалар алаңында болған. Жарақат алған азаматқа дәрігерлер шұғыл операция жасады. Оқиғаның мән-жайын Жақсыбек Кемал жеткізеді.
Ақтөбеде қолына сыпырғышпен қоса пышақ алып жүрген кісінің аула сыпырушы екені белгілі болды. Сусыннан босаған құтыны түсіріп алған балаға ашуланып, оны сыпырғышпен қуалап жүріп сабаған. Таяқ жеген баланың қасында болған бес жастағы інісі де қатты қорқып қалған.
Баламды ұрып, ойын алаңын айналдыра қуған. Жылап тұрған бауырын алып кетпекші болғанда ана кісі «мен сендерді жібермеймін, бауыздап өлтіремін» деп қорқытқан. Балам қолымдағы құтыны әдейі тастамадым, жел ұшырып әкетті деді.
Жасөспірім амалын тауып, әкесіне хабарласып, көмек сұрап үлгереді. Алайда аула сыпырушы балалардың әкесінің өзіне қарсы шығып, қабырға тұсына пышақ сұғып алған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы орташа. Есін біледі. Пышақ жүректен сәл ғана төмен кірген. Қоқыс үшін қылмыс жасаудан тайынбаған аула сыпырушы қазір қамауда.
Жақсыбек Кемал
