Елімізде мопедтер жаппай тексеріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мопедтер жаппай тексеріле бастады

07.04.2025

Елімізде мопедтер жаппай тексеріле бастады. Себебі 5 сәуірден бастап мопедтерді тізгіндеуге қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Бүгін алматылық полиция қызметкерлері талаптардың орындалуын қадағалау мақсатында рейд ұйымдастырды. Жүргізуші куәлігі жоқ, мопедін тіркемеген және қорғаныс құралдарын пайдаланбағандарға ескерту жасады.

Рейд кезінде мемлекеттік нөмірсіз жүрген мопедтер тоқтатылды. Жүргізушілердің көбі құжатын көрсетіп, бірер күнде тіркеуге қоятынын айтып ақталды.

Тахир Юсупов, мопед жүргізушісі:

Бұл заңды дер кезінде қолға алды. Толық келісемін. Қазір үйге соғып, әрі қарай халыққа қызмет көрсету орталығына барып, нөмірімді аламын.

Манарбек, мопед жүргізушісі:

Дұрыс қой, қазір жол-көлік оқиғасы көп. 16-ға толмаған балалар айдайды. Көбісі тіркеп алды. Нөмірсіз жүргендер аз.

Қазір қала бойынша нақты қанша мопед бары белгісіз. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, 50-60 мыңға жетуі мүмкін. Олардың 10 мыңы көлік құралын заңдастырып үлгерген.

Амангелді Айдархан, мопед жүргізушісі:

Ақпан айында есепке қойдым. Сақтандыру, техбайөау - бәрін істеттім.  В,С1 категория бар.

Тәртіп сақшылары бүгін мопедін тіркемеген жүргізушілерге тек ескерту жасады. Жол жүру ережелерін сақтауға шақырды.

Тимур Ноғайбаев, қалалық ПД басқарма басшысының орынбасары:

Осы аптада түсіндіру жұмыстарымен айналысамыз. Болашақта тіркелмеген мопед құралдарын біз міндетті түрде айып тұрағына жеткізуіміз қажет. Айыптың көлемі 10 АЕК болып саналады.

Келесі жолы ешкімге жеңілдік жасалмайды. Жүргізуші бірден жауапқа тартылады. Ал түсіндіру жұмыстар әлі де жалғаспақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу