Наурыз айының соңында Теміртауда екі жасөспірім қарт кісінің үйінің есігін қағып, өздерін электр маманы ретінде таныстырған. Есікті ашқаннан кейін олар үйге баса-көктеп кіріп, зейнеткерді соққыға жыққан, балағаттаған. Өздері түсірген видео әлеуметтік желілерде тарап, жұрт аһ ұрды. Кейінірек бұл жасөспірімдерді басқа екі жігіт жазаламақ болып, соққыға жыққан... Агрессиядан агрессия. Қызылордада оқушы қызды жезөкшелікке мәжбүрлегендердің кезекті тобы сотталды. 9 айыпталушының 5-еуі кәмелет жасына толмаған. Олар 16 жастағы қызды қорқытып, азаптаған. Сот отырысында кінәлары толық дәлелденіп, үш жасөспірімге 6 жыл 8 ай, тағы үш айыпталушыға 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ үш ересек адам 7 жыл 6 айға сотталды.
Жасөспірімдердің қатыгездігі, озбырлығы, әлсізге күш көрсетуі бізде ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Netflix түсіріп, көрермен назарына жақында ұсынылған «Жасөспірім» сериалы көптің назарын аударды. Бізде байқалмайды, бірақ көптеген елде қызу талқыланып жатыр. Неге ушығып барады? Қай жерде мүлт кетіп отырмыз? Не істеу керек? «Смартфонды таста!» дегеннен ешнәрсе өзгермейтінін түсінеміз бе? Және смартфонды бәрібір тастамайтынын ұғамыз ба?
Сұрақ көп. Нақты жауап жоқ. Демек жүйелі дискуссия керек.
Сериалды көріп шықтым. Өте ауыр дүние. Ең соңында жаны шырқыраған әкемен бірге булығып жылағың келеді... Данияр Қайыртай да көрді. Мамандармен сөйлесті. Толығырақ бейнематериалда.
