Алматыда жол апатынан көз жұмған 7 жасар қызға жол бермеген автобус жүргізушісі де жазаланды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің комитет төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді. Елімізде көлік апатынан балалар өлімі жиілеп кеткен. Бұған не себеп? Ауыр жүк көліктеріне шектеу енгізіле ме? Толығырақ бейнематериалда.
Күні кеше Алматыда көлік апатынан көз жұмған 7 жасар қызға жүргіншілер өткелінде жол бермей, өте шыққан автобус жүргізушісі әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жазаланды. Қоғамдық көлік айып тұрағына қойылған. Қазір оқушы қыздың анасының көзінше болған жантүршігерлік апат бойынша бірнеше сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қаралып жатыр. Ішкі істер министрлігінің өкілі оқиғаның қала орталығында емес, жүк көліктеріне жүруге рұқсат етілген қала шетінде болғанын да айтты.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
Ол жақта жүк көліктерінің өтуге құқығы бар. Жаңағы бала жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқанда бір автобус алдынан кесіп өтіп, бала қорқып артқа қарай жүргенде қасында келе жатқан жүк көлігі оны байқамай қалып, басып кетіп отыр. Автобус жүргізушісі баланы жүргінші өткелінен өткізбегені үшін жауапқа тартылды.
Оқиғаны тағы бір рет еске алсақ, оқушы қыз жүргіншілер жолағымен өтіп келе жатып, автобус жол бермегеннен кейін артқа шегінеді. Сол мезетте ауыр жүк көлігі баланы қағып кетеді. Жүргізуші кішкентай қызды көрмей қалуы, яғни көру деңгейі төмен аймақта болуы мүмкін дейді автосарапшылар. Бірақ бұл ауыр жүк көлік иесі кінәлі емес дегенді білдірмейді. Ал ата-ананың әрдайым бала жанында бола бермейтінін ескерсек, мектептерде жол-көлік қозғалысы туралы түсіндірме сабақтарын енгізу керек дейді. Сондай-ақ...
Арман Ашмұханов, автосарапшы:
Бұрын автобустардың сыртында жазу болатын. Орысшалаған кезде «Автобустың артынан айналып өт» деген. Өйткені алдынан шыққан кезде көрмей қалады. Қазір ондай жоқ. Қазір бәрі автобустардың сыртына жарнама жабыстырып тастаған. Жарнама көп. Соның орнына 2 жағынан алдынан артынан «Автобустың артынан айналып өт» деген жазу болуы керек.
Жол-көлік оқиғасынан 2 айда 17 бала көз жұмды
Сандарды сөйлетсек, биылғы 2 айдың өзінде балалардың қатысуымен 1000-ға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 17 бүлдіршін көз жұмған. Осы аралықта 1230 кәмелетке толмаған бала көлік апаттарынан дене жарақатын алды. Ал былтыр 8500-ден астам жағдай тіркеліп, 328 бала қаза тапты.
Динара Жарқынбек, тілші:
Оның үстіне соңғы уақыттары ауыр жүк көліктерінің баланы қағып кету оқиғасы жиілеп кетті. Бір ай бұрын ғана Астанада бағдаршамда өтіп бара жатқан оқушыны да КамАЗ көлігінің басып кеткені ұмытылған жоқ. Қайғылы оқиғаның көбеюінен кейін ауыр жүк көліктерінің қала ішіндегі қозғалыс ережесі өзгеруі мүмкін. Яғни мұндай көліктердің жұмыс уақыты мен жүретін көшелерін шектеу мәселесі ІІМ-де қарастырылып жатыр.
Динара Жарқынбек
