Мьянмада зілзаладан мешіттер құлап, 700-ден астам мұсылман қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мьянмада зілзаладан мешіттер құлап, 700-ден астам мұсылман қаза тапты

31.03.2025

Мьянмада жұма күні алапат жер сілкінісінен ондаған мешіт құлап, намазға жиналған жүздеген мұсылман мерт болды. Қазір іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, зілзаладан кейін 65 сағат өткенде 3 адам үйінді астынан тірі табылды. Олардың біреуі – жүкті әйел. 

Мьянма мен Таиландты қуаты 7,7 баллдық зілзала наурыздың 28-де дүр сілкіндірді. Сол сәтте мыңдаған адам мешіттерге жұма намаз оқу үшін жиналған. Осыдан бірер сағат бұрын түскен мәліметке қарағанда, 60 шақты мешіт құлағанда, 700-ден астам мұсылман мерт болды. Мұны Мьянма мұсылмандарының көктемгі революция ұйымы хабарлады. Алайда осы құрбандар бұған дейін қаза тапқан 1700-ден астам адамның қатарына кіре ме? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ.

Сұмдық зілзаладан дүмпу ошағы маңындағы Мандалай қаласы ең көп зардап шекті. Бұл апат кейбір туристердің есіне Алматыдағы бір оқиғаны салған.

Равиль Насретдинов, турист:

Мен Мьянмадағы жер сілкінісі кезінде Мандалайда болдым. Досым екеуіміз қаланың көрікті жерлерін аралауға барған едік. Патша сарайынан шығып, 10-15 метр жүргенде жер сілкіне бастады. Мұндай жағдайды бір жарым жыл бұрын Алматыда бастан кешкенмін.

Мандалайда жексенбі күні дүмпу қайталанып, оның магнитудасы 5,1 баллға жеткен. Ал бүгін жер сілкінісінен кейін 65 сағат өткенде қытайлық құтқарушылар үйінді астынан 3 адам тірі тапты. Олардың біреуі – жүкті әйел.

Іздеу-құтқару операциялары қазір де жалғасып жатыр. Бірақ Американың «Уолл Стрит Джорнал» газетінің дерегінше, бұл елде зілзала құрбандарының саны 2028-ге жетсе керек.

Ал көршілес Таиландта 18 адам жан тәсілім еткен. Және де осы елдің астанасы Бангкокта жұма күні құлаған ғимарат астынан 76 жұмысшы әлі шығарылған жоқ. 36 жастағы Кантхонг Сэнмуангшин болса, сол күні ауруханаға жоспар бойынша тексерілуге барады. Бірақ жер тербелгенде оның толғағы басталып кеткен. 

Кантонг Саенмуангшин, 36 жастағы ана:

Біз эвакуация туралы бұйрықпен баспалдақтан түсіп бара жатқанда медицина қызметкерлері мені екі қолымнан демеп жүрді. Сол сәтте іштегі балама әзірге шықпа дедім. Толғақтан қатты қиналып барамын. Дегенмен бөпем туғанда жер сілкінісі тоқтап қалды. Қатты әсер алдым, бақыттымын. Перзентхананың қамқорлығына аса ризамын.

Қазір Мьянмаға әлем елдерінен көмек жеткізіліп жатыр. Бұл елде гуманитарлық жағдай ушығып барады. Бүгін түскен мәліметке қарағанда, Мьянмаға құтқарушылар мен жәрдем жөнелткендер қатарында Қытай, Үндістан, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Жаңа Зеландия, Индонезия, Ұлыбритания, тіпті жер сілкінісінен өзі де зардап шеккен Таиланд та бар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу