Қостанайлық Бақдәулет Асанов ата дәстүрді дәріптеп жүрген жандардың бірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық Бақдәулет Асанов ата дәстүрді дәріптеп жүрген жандардың бірі

29.03.2025

Қостанайлық Бақдәулет Асанов ата дәстүрді дәріптеп жүрген жандардың бірі. Ол көкпарға жылқы жаратып, қансонарда аңға шығады, ит жүгіртіп, құс салады. Саятшылықты жанына серік еткен азамат жайлы тілші репортажында.

Бақдәулет Асанов әке жолын қуған атбегі. Бүгінде бойындағы осы өнерін жастарға үйретіп, облыстық көкпар федерациясының бапкері міндетін атқарып жүр. Мұның сыртында жүйрік мініп, соңынан тазы ерткен азамат жеке шаруашылықтағы 33 асыл тұқымды тұлпардың бабын келтіріп бағып отыр. Арасында ағылшын, араб, Дон, Қостанай жылқылары бар.

Бақдәулет Асанов, атбегі:

Салт-дәстүрді ұмытпас үшін атадан балаға мирас боп келе жатқан арғымақтың үстінде жүріп, қасымызда тазы жүгіріп, қолымызда қыран бүркіт ұшып тұрса, мүмкіндік болса, неге осындай нәрсемен айналыспасқа!? Бұған Қостанайдың жастарын да тартып жатырмыз.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Мына мен мініп келе жатқан сәйгүліктің есімі – Көкбөрі. Тұқымы – асыл, орыс жылқысы. Мінезі асау, кез келген адамға бағына бермейді. Ал көкпардағы міндеті жартылай қорғаушы. Олай болатын себебі, өзі биік, дене-тұрқы мығым. Өзінен аласа анау-мынау атты, итеріп өтіп кете береді.

Алайда додаға түскенде тұлпардың тұқымы емес, жүрегіндегі жігері маңызды дейді атбегі. Алаңдағы тартыста астындағы аты көкпаршының ойын тақымынан сезуі керек. Бақдәулет шәкірттеріне мұны жиі айтып отырады. Облыстық көкпаршылар командасындағы сайдың тасындай 12 жігіт ұстаздарын тек спортта ғана емес, өмірде де үлгі тұтады.

Ернұр Өтеген, көкпаршы:

Бақдәулет ағамыздың қасына келіп, көптеген үлкен-үлкен додаларға апара бастады. Көкпарды қалай басу керектігін үйретті, командалық көкпарға бейімдеді. Ат саласында ғана емес, өмірде де өз білгенін бізге үйретіп отырады. Тура жолмен жүруді.

Ал Бақдәулеттің мына 3 жасар Қарасай атты қыранды қолына алып баптай бастағанына бір жыл болды. Құсбегілікпен бұрын айналысып көрмесе де, осы өнерді алдымен өзі меңгеріп, кейін жас буынды баулуды көздейді. Соңғы жылдары солтүстік өңірде кенжелеп қалған ұлттық спорт жанданып келеді. Бұған Қостанай облысының көкпаршылар командасы көптеген республикалық сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүргені дәлел.

Мәдина Нағашыбай

Хабарламаларға жазылу