Еуропалық одақ Қазақстандағы құқықтық реформаларға оң баға берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық одақ Қазақстандағы құқықтық реформаларға оң баға берді

10.03.2025

Еуропалық Одақ Қазақстандағы құқықтық реформаларға оң баға беруде. Бұл туралы олар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы адам құқықтары жөніндегі диалогтың Брюссельде өткен 16-отырысында мәлімдеді. Басқосуда тараптар адам құқығын қорғау, заңның үстемдік етуі, сот жүйесі, азаматтық қоғамды дамыту сынды өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қазақстандық делегация жетекшісі елдегі демократияны дамыту, адам құқығын қорғауға бағытталған реформалар жайлы баяндады. Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстандағы қылмыстық істерді электрондық түрде тергеп-тексеру жүйесін жоғары бағалап отыр. Айтуларынша, мұндай формат дәлелдерді бұрмалаудың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алуға сеп. Сондай-ақ тараптар басқосуда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, азаптаудың алдын алу, заңсыз есірткі саудасымен, лаңкестік, миграциямен күрес мәселелерін де талқылады.

Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Біз ЕуроОдақ өкілдеріне Конституциялық соттың жұмысына қатысты, адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің мәртебесінің күшейтілуіне қатысты мағлұматтарды бердік. Еуропалық Одақ Қазақстанда әсіресе отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңды және соңғы 4-5 жылда адам құқықтарына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, осыған қатысты олар өзінің оң бағасын беруде.

Дитмар Крисслер, Еуропалық сыртқы істер қызметінің орталық Азия бойынша бөлімінің басшысы:

Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы адам құқықтары жөніндегі диалогта адам құқықтары, фундаменталды бостандық, белсенділердің құқықтары сынды түрлі мәселелерді жеке-жеке талқылауға мүмкіндік алдық. Елдеріңізде адам құқықтарын қорғау бойынша алға ілгерілеушілік бар. Оны бүгінгі басқосуда да атап өттік. Жалпы ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бірнеше салада жақсы дамып келеді.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу