Қазір Эллада елінде 100 мыңға жуық байырғы отандасымыз тұрып жатыр. Олар Қазақстан мен Грекия арасындағы алтын көпірге айналған. Жергілікті жұрт «қазақтар»деп атап кеткен жерлестеріміз бүгінде Афинада «Астана» дүкенін, қазақ мейрамханасын ашып, Қазақстанды, қазақтың мәдениетін көпшілікке танытуда. Сондай ақ, Қазақстанға турист тартып, ел медицинасын дамытуға ат салысып жүр. «Қазақстан-өзара келісім мен халықтар бірлігінің арқасында биік белеске көтерілуге болатынын әлемге дәлелдеді», дейді олар.
Лазарь Сопилиди, Афина қаласының тұрғыны, байырғы қазақстандық грек:
Әжем айтып отыратын, қазақтар бізді алдымен өз үйінде тұрғызып, бар дәмді-тәттісін берді. Кейін жер бөліп, үй тұрғызуға көмектесті деп. Бұл жақсылықты біз ешқашан ұмытпаймыз. Мен Қазақстанда туғанымды мақтан етемін.
Деспина Христиди, Афина қаласының тұрғыны, байырғы қазақстандық грек:
Мен мейрамхана ашып, грек халқына ұлттық тағамдарымыз арқылы мәдениетіміздің қаншалықты жоғары екенін көрсеткім келді. Қазақстаннан алған тәрбиеміз еуропалықтар мен америкалықтар қызығатындай керемет. Менің осындай дәрежеге жеткенім әлбетте туған жерімде алған білімімнің арқасы деп ойлаймын. Еліміз өркендей берсін!
Нұрсұлу Қасым
